Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы заңнамасына сәйкес халықаралық әуе қозғалысы, кез келген типтегі әуе кемелерінің тұрақты жолаушылар рейстері, жолаушылар сыйымдылығы 20-дан астам орындары бар әуе кемелерінің рейстері, максималды ұшу массасы 5700 кг-нан асатын әуе кемелерінің коммерциялық рейстері орындалмайтын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) сертификаттауға жатпайды (Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңы, 66-бабы).
Сертификатталмайтын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар), уақытша әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) және қону алаңдары азаматтық авиация үшін пайдаланылған жағдайда уәкілетті орган бекіткен сертификатталмайтын әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтардың) пайдалану жарамдылығы нормаларына сәйкес келуі тиіс.
Сертификатталмайтын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар), әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) және қону алаңдары уәкілетті ұйымға олардың ашылуы туралы хабарлау және пайдалануға жарамдылық актісін ұсынғаннан кейін пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл акт азаматтық авиация әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) үшін қолданылатын пайдалану жарамдылығы нормаларына немесе сертификатталмайтын әуеайлақтарға арналған пайдалану нормаларына сәйкестігін растайды (осы Заңның 66-бабы).
Пайдалануға жарамдылық актісін құрастыру, бағалау және тексеру тәртібі сертификатталмайтын әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтардың) пайдалану жарамдылығы нормаларында (2011 жылғы 2 ақпандағы № 43 ҚР Көлік және коммуникация министрінің бұйрығы) белгіленген.
Сертификатталмайтын, уақытша әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) және қону алаңдарының қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету, олардың пайдалану жарамдылығын сақтау жөніндегі жауапкершілік эксплуатантқа немесе меншік иесіне жүктеледі (66-баптың 11-тармағы).
Сертификатталмайтын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар), уақытша әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) және қону алаңдары азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар белгілеген тәртіппен эксплуатанттармен есепке алынады (Заңның 67-бабы).
Есепке алу тәртібі сертификатталмайтын әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарды) есепке алу қағидаларымен айқындалған (2010 жылғы 23 желтоқсандағы № 578 бұйрық және 2011 жылғы 3 ақпандағы № 55 ҚР Қорғаныс министрінің бірлескен бұйрығы).
Есеп жүргізу эксплуатантқа немесе меншік иесіне жүктеледі.
Қағидаларға сәйкес есеп жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болған жағдайда жүргізіледі. Есеп жеке журналда жүргізіледі.