Кіру

Басты бет

Әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау

Әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау деген не? chevron

Әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау (de-icing / anti-icing) – мұздан тазарту және мұз қатудан алдын алу процестерін біріктіретін рәсім.

Мұздан тазарту (De-icing) – әуе кемелерінің беттерінен ластаушы заттарды кетіру процесі.

Мұз қатудан алдын алу (Anti-icing) – алдын алу рәсімі, оның көмегімен әуе кемесінің таза беттері шектеулі уақытқа мұз бен аяздың пайда болуынан және қар мен лай жиналуынан қорғалады.

Әуе кемесін мұздануға қарсы өңдеу қызметі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 749 «Әуежай қызметінің құрамына кіретін әуеайлаққа және жерде қызмет көрсету тауарларының, жұмыстарының, қызметтерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығының 2-тарауына сәйкес жерде қызмет көрсетудің құрамына кіреді және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым («Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ) тарапынан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бақылауға жатады.

Әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау қызметін кім көрсете алады? chevron

Қазақстан Республикасының әуежайларында әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу қызметін әуе кемелерін мұз қатуға қарсы өңдеу жөніндегі қызметтерді жеткізуші көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 7 наурыздағы № 141
«Әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 3-тармағының 37) тармақшасына сәйкес Әуе кемелерін мұз қатуға қарсы өңдеу жөніндегі қызметтерді жеткізуші – ол әуе кемелерін мұз қатуға қарсы өңдеу қызметін немесе оның жеке кезеңдерін жүзеге асыратын әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы, жерде қызмет көрсететін тәуелсіз жеткізуші, әуе кемесін пайдаланушы болып табылады. Олар әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу қызметін толық көлемде немесе оның жекелеген кезеңдерін жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасында әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау қандай қағидалармен реттеледі? chevron

Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғау тәртібі Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 7 наурыздағы № 141

«Әуе кемесін жерде мұз қатуға қарсы қорғау жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» бұйрығымен айқындалған.

Аталған қағидалар ИКАО және SAE стандарттарының талаптарын қамтиды.

Әуе кемесін жерде мұздануға қарсы қорғауды қамтамасыз ету бөлігінде жерде қызмет көрсету қызметіне бақылау қалай жүзеге асырылады? chevron

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 16-4-бабының 2-тармағына сәйкес жерде қызмет көрсету қызметі бойынша ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылау келесі тәсілдер арқылы жүзеге асырылады:

1. Ішінара тексеру – жерде қызмет көрсету қызметін тексеру жүргізудің бекітілген Кестесіне сәйкес жүзеге асырылады (аталған Заңның 16-4-бабы 2-тармағының екінші абзацы).

2.Жоспардан тыс тексеру – аталған Заңның 16-4-бабы 2-тармағының үшінші абзацында көзделген негіздер болған жағдайда жүргізіледі, атап айтқанда:

1) тексеру немесе бақылаудың өзге де нысандары нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалардың орындалуын бақылау;

2) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру туралы не зиян келтіру қаупінің төнуі туралы жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан және жергілікті өкілді органдардан ақпарат алу және өтініштердің түсуі;

3) өзінің қызметіне тексеру жүргізу туралы тексерілетін жеке немесе заңды тұлғаның бастамашылық өтініші;

4) егер оларға қатысты ішінара тексеру белгіленген болса, тексерілетін жеке тұлғаның тегінің, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе тексерілетін заңды тұлға атауының өзгеруі, сондай-ақ оның қайта ұйымдастырылуы;

5) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы тексерілетін жеке немесе заңды тұлғаның өтініш жасауына байланысты қайта тексеру негіз болып табылады.

3. Ұшу қауіпсіздігі талаптарының сақталуына олардың қызметін бақылау және талдау «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының 10-бабының 5-тармағына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның («Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ) жеке және заңды тұлғалары ұсынған ақпарат, құжаттар мен материалдар негізінде жүзеге асырылады.