02/06/2026
Алғашқы рейс 1 маусымда орындалды
1 маусымнан бастап Польша әуе компаниясы LOT Polish Airlines Алматы – Варшава бағыты бойынша тұрақты рейстер орындай бастады. Рейстер аптасына төрт рет — дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері — Boeing 737 MAX ұшақтарымен жүзеге асырылады.
Ұшу уақыты Алматы – Варшава бағыты бойынша шамамен 7,5 сағатты, ал Варшава – Алматы бағыты бойынша 6,5 сағатты құрайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, жаңа бағыттың ашылуына байланысты Қазақстан мен Польша арасындағы рейстер саны аптасына 8 рейске дейін артты. Рейстер Астана мен Алматыдан Варшаваға екі бағыт бойынша орындалады.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Польша авиациялық биліктері Атырау – Варшава – Атырау бағыты бойынша рейстер ашу туралы келісімге келді.
Польшаның Статистика басқармасының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылы Польша мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1,82 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде 951 млн доллар Польша экспортына тиесілі. Қазақстанда поляк капиталы бар 140-тан астам компания жұмыс істейді, олардың қатарында Polpharma (Santo бренді бар фармацевтикалық өндіруші), Selena (құрылыс химиясы), Stockson (кондитерлік өнімдер) сияқты ірі кәсіпорындар бар.