Кіру

Басты бет
Бектенов Қазақстан курорттарына қатынайтын теміржол және әуе рейстерінің санын арттыруды тапсырды

09/06/2026

Азаматтар танымал туристік орындарға көлікпен жетудің шектеулі екеніне шағымдануда. Қазақстанның танымал курорттарына теміржол және әуе рейстерінің санын қолжетімді бағамен арттыруды Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырды.

Ол қазақстандықтар танымал әрі шалғай туристік бағыттарға көлікпен қолжетімділіктің шектеулі екеніне қатысты шағымдар қалдырып жатқанын атап өтті.

«Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен олардың бағасының қолжетімділігі алаңдатып отыр. Көлік министрлігі авиакомпаниялармен және “Қазақстан темір жолы” компаниясымен бірлесіп, танымал курорттық бағыттар бойынша рейстер санын және орын санын қолжетімді бағамен арттыру шараларын қабылдасын», – деп тапсырды Премьер-министр Үкімет отырысы барысында.

Бектенов сондай-ақ туристік маусымның шарықтау кезеңінде елде туристерді орналастыру орындарының қатты тапшылығы байқалатынын айтты. Көптеген адамдар жабдықталмаған демалыс орындарын пайдаланады. Осыған байланысты ол өңір әкімдеріне палаткалар мен автодомдарға арналған кемпинг демалысы үшін тұрақтар мен учаскелер инфрақұрылымын жедел түрде қамтамасыз етуді тапсырды.

«Қорытындылай келе, бір маңызды жайтқа назар аударғым келеді. Туризм саласы жоғары дамыған елдерде демалыс сапасы қонақүйлердің жайлылығымен немесе маршруттар мен экскурсиялық бағдарламалардың көптүрлілігімен ғана емес, ең алдымен қонақтармен күнделікті жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсібилігімен анықталады. Бұл жергілікті халықтың қонақжайлылық деңгейіне де қатысты. Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірлесіп, туристерге қызмет көрсету сапасына басымдық беруді тапсырамын. Себебі бұл сала тартымдылығына және елдің имиджіне тікелей әсер етеді», – деп түйіндеді Үкімет басшысы.

informburo.kz