11/03/2021
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі алаңында әуе компания өкілдерімен авиация саласын стратегиялық дамыту мәселелері бойынша екінші кездесу өтті. Шараға Air Astana, SCAT, Prime Aviation, Қазавиақұтқару, Qazaq Air отандық әуе компанияларының басшылары қатысты.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс өз сөзінде авиациялық әкімшілігінің 2020 жылғы қорытындылармен, 2021-2025 жылдарға арналған даму перспективаларымен бөлісті. «Авиация пандемиядан туындаған құлдыраудан кейін қалпына келуде. Авиация саласы толық жұмысына қайта оралуына қарай, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі нақты деректер мен бақылау негізінде үздік халықаралық практикалармен үйлестіре отырып, ұшу қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді анықтау және жоюға бағытталған “адам өмірі бәрінен бұрын” ұранымен бағдарламамызды толықтай жүзеге асырамыз».
Қазақстандық авиациялық билік орындары пандемия салдарын азайту және азаматтық авиация саласын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. ИКАО ұсынымдары негізінде сертификаттар мен куәліктердің қолданылу мерзімдерін ұзарту мәселесі бойынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тиісті құжаттары шығарылды.
2020 жылы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 5338 мемлекеттік қызмет көресетті, оның ішінде 2954 авиациялық персоналдың куәлігі, 1491 экипаж мүшелерінің куәлігі, 154 ұшуға жарамдылық сертификаты, 86 әуе кемелерін тіркеу сертификаты, 22 әуеайлақтың жарамдылық сертификаты, 14 пайдаланушы сертификаты берілді. Жалпы, 2020 жылы 458 инспекциялық тексеру жүргізілді, 5000-нан астам бұзушылық анықталды.
Алдағы жылы авиация саласын ИКАО аудиті және 2023 жылдың соңында жоспарланған CAT1 санатын алу үшін FAA аудитіне дайындау жоспарлануда. Өтініш беру мерзімі COVID-19 пандемиясы мен шектеу шараларына байланысты АҚШ-қа рейстерді орындау мүмкін еместігіне байланысты кейінге қалдырылды.
Жалпы алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы әуе компаниялармен 5,5 млн. жолаушы тасымалданды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 36% -ға аз. Статистикалық көрсеткіштердің төмендеуіне өткен жылы коронавирустық пандемияның таралуына байланысты рейстердің уақытша тоқтатылуы және қысқаруы әсер етті. Бүгінгі күні аптасына 590 рейс жиілігімен 45 маршрут бойынша барлық ішкі әуе рейстер толығымен қалпына келтірілді. Халықаралық бағыттар бойынша 14 елге (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Мальдивтер, Шри-Ланка) аптасына 103 рейстің жиілігімен 35 бағыт бойынша рейстер кезең-кезеңімен жаңартылды.
Кездесу барысында әуе компанияларының өкілдері стратегиялық даму жоспарларын таныстырды. Air Astana авиация саласындағы негізгі тәуекелдердің төмендегені туралы хабарлады. Атап айтқанда, мұздануға қарсы өңдеу процедуралары, әуежайларда қызмет көрсету, ұшу-қону жолағының қауіпсіздігі, тежегіштердің әлсіз әрекеті, сондай-ақ құстармен соқтығысу проблемасы туралы сөз болды.
2030 жылға дейін «SCAT» авиакомпаниясы 20-ға жуық Boeing ұшағын сатып алуды және жеткізуді жоспарлап отыр. Әуе тасымалдаушысы жаңа Шымкент әуежайы базасында қуатты әуе көлігі хабын дамыту бойынша шаралар кешенін іске асыруға ниетті. Терминал мен әуежай кешенінің құрылысын 2021 жылы аяқтау, сертификаттық тексеруден сәтті өту және 2022 жылдың басында өндірістік қызметті орындауға кірісу жоспарлануда.
Әуекомпания алдағы жылдары ішкі және халықаралық бағыттардағы рейстердің жиілігін арттырып, қайта бастауды жоспарлап отыр (Түркия, Грузия, БАӘ, Беларуссия, Ресей, Моңғолия және басқа елдер).
«Қазавиақұтқару» АҚ өткен жылы 1726 рейс жасады, оның ішінде 613 ТЖМ желісі бойынша, 497 – санитариялық авиация. Қазавиақұтқару Даму бағдарламасы аясында 2030 жылға қарай авиациялық паркін 58 бірлікке ұлғайту жоспарлануда. Ағымдағы жылы Ми-8 үлгісіндегі 4 тікұшақ жеткізіледі.
Qazaq Air әуе компаниясы 17 коммерциялық және 6 субсидияланатын, жалпы 22 бағыт бойынша аптасына 104 рейске қызмет көрсетед. 2020 жылы 5 әуе кемесінде ұшу бағдарламасын орындау шегіне жетті. Одан әрі өсу 2021 жылдан бастап әуе паркін ұлғайту арқылы қамтамасыз етіледі. Әуе компания аймақаралық байланыстар үшін Нұр-Сұлтан хабын дамытуды, Түркістан, Балқаш, Алакөл, Зайсан қалаларының жаңа және өсіп келе жатқан өңірлерін дамытуды, EASA стандартына сәйкес жеке техникалық қызмет көрсету базасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Prime Aviation әуе компаниясы бизнес-авиацияны дамытуға, ұшу қауіпсіздігі деңгейін және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға баса назар аударды.
Талқылау барысында кездесуге қатысушылар қазақстандық авиация саласын дамытудың заңнамалық қамтамасыз етілуін жетілдіру және стратегиялық дамудың ағымдағы процестерінің өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді. Осылайша, Қазақстанға рейстер орындайтын барлық әуе компаниялар үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірыңғай талаптар енгізілетін болады. Бүгінгі күні Еуропалық Одақ елдеріне ұшатын отандық және шетелдік әуе компанияларға қойылатын талаптарды енгізу бойынша заңнамаға өзгерістер әзірлеу аяқталуда.
Авиациялық әкімшілік азаматтық авиацияны басқарудың озық еуропалық моделін енгізуді жалғастырады және ұшу қауіпсіздігіне тиісті бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ авиаиндустрияны дамыту үшін тиісті шараларды қабылдайтын болады. Барлық әуе компаниялар үшін бірдей тәсіл әзірленіп, қойылған мақсаттарға, міндеттерге қол жеткізуде және шектеулерді еңсеруде қолдау көрсетілетін болады.