09/06/2026
Қазақстанда биыл 11 мың шақырым жол жөнделеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, басымдық танымал туристік бағыттарға апаратын жолдарға берілген: Рахман қайнарлары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай. Бұл туралы «24KZ» хабарлады.
Алматы – Өскемен тас жолының құрылысы толық аяқталды, соның нәтижесінде жол жүру уақыты бірнеше сағатқа қысқарды.
Теміржол қатынасы да жолаушылар үшін ыңғайлы бола түседі. Шілде айына дейін Көкшетау, Бурабай, Қонаев және Балқаш қалаларындағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек, шамамен 200 жаңа вагон іске қосылып, жаз мезгілінде қосымша пойыздар жолға шығады. Бұл тағы 400 мыңнан астам жолаушы орнының ашылуына мүмкіндік береді.
Әуе инфрақұрылымы да дамып жатыр. Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып, Арқалық әуежайы қайта қалпына келтірілуде, ал Үржар терминалы жаңғыртылуда. Жаз мезгілінде әуе рейстері көбейеді. Субсидияланатын бағыттар арқылы Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий жағалауына жетуге болады. Осы бағыттар бойынша аптасына 45 рейс орындалады.