Кіру

Басты бет >
Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және рейс тоқтатылған және кешіктірілген жағдайда әуе компанияның жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралды

14/03/2022

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, отандық әуе компаниялар мен ҚР әуежайларының өкілдерінің қатысуымен жолаушылар тасымалы бойынша жыл сайынғы кеңес өткізді.

Кездесу барысында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, ҚР әуежайларында қызметтердің қолжетімділігі, жолаушылар құқықтарын сақтау, сондай-ақ рейстер тоқтатылған және кешіктірілген жағдайда әуе компанияның жауапкершілігі мәселелері қаралды. Сонымен қатар, кездесуде әуежайдағы сервисті жақсартуға бағытталған жобалар талқыланды.

Түркістан, Шымкент және Ақтөбе, Алматы қалаларының әуежайлары және әуе компания өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. SCAT әуекомпаниясы компанияның құрылған күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы туралы ақпаратты, сондай-ақ Шымкент қаласының әуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы бойынша ақпаратты ұсынды.

Әкімшілік қазіргі уақытта қызмет көрсету сапасын арттыру аясында жолаушылар терминалдарын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ағымдағы жылы Қостанай, Орал және Үржар қалаларындағы әуежайларда жолаушыларға жаңа терминалдар қолжетімді болады. Жаңа жолаушылар терминалдарында тіркеу аймақтары кеңейтіледі, жинауыштар алаңдары ұлғайтылады, сондай-ақ жолаушыларды тіркеу және багажды өңдеу бойынша жаңа технологиялық шешімдер орнатылады. Жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша жоспарлы жұмыстар Алматы қаласының әуежайында, сондай-ақ Шымкент қаласының әуежайында жүргізілуде.

Кеңесте мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әуежайлар мен әуе компанияларға мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық қажетті қызметтерді уақтылы ұсыну бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Әкімшілік әуежайда мүгедектер арбаларының, әуе кемесінің бортына және бортынан тасымалдауға, көтеруге/түсіруге арналған арнайы автокөлік пен механизмдердің болуы қажеттілігі туралы талаптарды, сондай-ақ қозғалысы шектеулі жолаушылардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге байланысты талаптарды айтты.

Авиация әкімшілігінің тасымалдау департаменті ұлттық заңнаманы ИКАО стандарттары мен ұсынылатын тәжірибеге және халықаралық тәжірибеге сәйкес келтіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы жылы әуе компанияларға әуе тасымалы шектелген тұлғалардың жеке тізілімін жүргізуге мүмкіндік беретін норма қолданысқа енгізіледі. Азаматтар мұндай тізімге оларды қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту нәтижесінде өздерінің кінәсі дәлелденген жағдайда, әуе кемесінің бортында, отырғызу және түсіру кезіндегі құқық бұзушылықтар үшін ғана енгізілуі мүмкін.

Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүргізілетін іс-шараларға жәрдемдесу мақсатында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тасымалдау департаменті Қазақстан Республикасының әуежайлары тасымалдарын ұйымдастыру қызметтерінің қызметкерлеріне арналған "Әуежайдағы қызмет" таныстыру сессиясын өткізуді жоспарлап отыр.

Кеңес барысында "Аймақтық отырғызу" атты тағы бір жоба жарияланды. Бұл жобаны телескопиялық траптары бар барлық әуежайларда іске асыру жоспарлануда. Негізгі идея – жолаушыларды бірыңғай технология бойынша отырғызуды жүзеге асыру, әуе кемесі салонының арнайы бөлінген аймақтары бойынша отырғызуды жүзеге асыру ұсынылады. Жолаушыларды отырғызудың осы моделі әуе компанияларының қымбат уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша іске асырылған маңызды жобалардың бірі – жолаушыларға электрондық жеке куәлікті пайдалануға мүмкіндік берген "цифрлық құжаттар" жобасы. Сонымен қатар, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атипті аутизм ауруымен ауыратын адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар жобаны сәтті жүзеге асырды. Аталған жолаушылар үшін басым тіркеуден, тексеруден, отырғызудан және басқа да қызметтерден өтуге мүмкіндік беретін тану лентасы арнайы әзірленген. Бұл жоба Амстердам-Схипхол халықаралық әуежайының үлгісінде жүзеге асырылды.

Кездесу соңында Әкімшілік әуежайлардың тасымалдауды ұйымдастыру қызметіне және әуе компания өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті. Түзету іс-қимылдарының жоспарын жедел орындағаны және сәйкессіздіктерді уақтылы жойғаны үшін "Turkistan International Airport" ЖШС, Цифрлық құжаттар сервисін (электрондық куәлік) жедел және уақтылы енгізгені үшін "Эйр Астана" АҚ, "Нұрсұлтан Назарабаев халықаралық әуежайы" АҚ және "Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы" АҚ, ісіне мінсіздігі мен адалдығы үшін "Әулие Ата халықаралық әуежайы" АҚ, қызметкерлерінің униформаларын кию және сыртқы келбеті бойынша жоғары стандарттарды сақтағаны үшін "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ, қозғалысы шектеулі жолаушыларға қызмет көрсетудің жоғары деңгейін ұсынғаны үшін "Семей халықаралық әуежайы" АҚ, аэровокзал кешенін ұстау тазалығының жоғары стандарттарын қамтамасыз еткені үшін "Өскемен әуежайы" АҚ және халықаралық стандарттардың жоғары деңгейін қолдауы үшін "Сарыарқа әуежайы" АҚ алғыс хаттар берілді.