Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
SEC2026 ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан · Астана →
Басты бет
Жүк тасымалының өсуі, электрондық коммерцияның дамуы және жеткізу мерзімдерінің қысқаруы – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін іздеу

29/10/2026

ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында өткен «Бір тізбек, көптеген қатысушы: әуе жүктері мен пошта жөнелтілімдерінің қауіпсіздігін жаңғырту» тақырыбындағы сессия әуе жүктерін тасымалдау саласындағы заманауи сын-қатерлер мен бүкіл логистикалық тізбектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін дамытуға арналды. Атап айтқанда, тексеріп қараудың тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және жүк жөнелтушілер мен экспедиторлардан бастап жерүсті қызметтері мен авиакомпанияларға дейінгі тасымалдау процесінің барлық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды.

ИКАО Кеңесіндегі Италия өкілі Серджио Мартес электрондық коммерцияның дамуы және халықаралық жеткізу тізбектерінің күрделене түсуі жағдайында әуе жүктерін тасымалдау қауіпсіздігінің маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

«Жасанды интеллект пен автоматтандырылған анықтау құралдарын қоса алғанда, заманауи технологиялар тексеріп қарау рәсімдерін жетілдіруге және қауіпсіздік деңгейін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте қадағалау тек талаптардың формалды түрде сақталуына ғана емес, тәуекелдерді бағалауға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс», – деді ол.

Пікірталасқа сондай-ақ Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) жүк қауіпсіздігі жөніндегі аға менеджері Ник Лоуренс-Тейлор, Еуропалық комиссияның Ұтқырлық және көлік жөніндегі бас директоратының саясат мәселелері жөніндегі маманы Франческо Файуло, Air Astana компаниясының вице-президенті міндетін атқарушы Айнұр Мұсылманқұлова, SCAT авиакомпаниясының жерүсті қызмет көрсету және жүк операциялары кешенінің директоры Владимир Житник және Халықаралық экспресс-тасымалдаушылар қауымдастығының бас директоры Карлос Грау Таннер қатысты. Карлос Грау Таннер жеткізу тізбегінің әрбір кезеңіне түрлі қатысушылар тартылатынын және олардың әрқайсысының іс-әрекеті бүкіл жеткізу тізбегінің қауіпсіздігіне әсер ететінін атап өтті.

Сессияның негізгі тақырыптарының бірі тексеріп қарау сапасын арттыру және ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау мақсатында жасанды интеллект пен автоматтандырылған анықтау құралдарын қоса алғанда, инновациялық шешімдерді қолдану болды. Сонымен қатар ресурстарды тиімдірек бөлуге және тасымалдаудың барлық кезеңдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәуекелдерді бағалауға негізделген қадағалау тәсіліне көшу мүмкіндігі қарастырылды.

Жеткізу тізбегіне қатысушылар арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Рәсімдердің үйлесімділігі, уақтылы ақпарат алмасу және бақылаудың бірыңғай тәсілдерін қолдану жеткізу жылдамдығы мен тиімділігін сақтай отырып, жүк және пошта жөнелтілімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Сессия соңында IATA жеткізу тізбегіне қатысушылар арасында қауіпсіз әрі тиімді ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге және жүктердің қауіпсіздігін растау тетіктерін жетілдіруге бағытталған CSD/e-CSD бастамасын таныстырды.

Талқылау әуе жүктерін тасымалдау қауіпсіздігін одан әрі дамыту үшін заманауи технологияларды, тиімді бақылау тетіктерін және мемлекеттік органдар мен авиация саласы өкілдерінің тығыз ынтымақтастығын біріктіретін кешенді тәсіл қажет екенін көрсетті.