Кіру

Басты бет
Жеңіл моторлы ұшақтарда, әуе шарларында және басқа да ұшу аппараттарында ұшу жөнінде не білу керек

17/09/2025

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақылы немесе жалға алу арқылы әуе серуендері, әуеге шолу жасау үшін әуе шарларында және басқа да ұшу аппараттарында ұшу туралы жарнамалар жиілеп кетті.

Осыған орай, азаматтарға әуе шарларында немесе жеңіл моторлы ұшақтарда ұшуға дейін танысатын маңызды аспектілерді ұсынамыз.

Өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін:

- әуе кемесін пайдаланушының «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ берген құжаттары бар екеніне көз жеткізіңіз: Пайдаланушының сертификаты және әуе кемесі туралы енгізілген (әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі көрсетілген) пайдалану сипаттамалары;

- әуе кемесін пайдаланушының әуе кемесінің ұшу жарамдылығы туралы сертификатының қолданылу мерзімі әлі аяқталмағанына, яғни қызмет көрсетілетін сәтте жарамды екеніне көз жеткізіңіз;

- ұшқыштың тәжірибесі мен біліктілігі туралы біліңіз. Оның жарамды коммерциялық ұшқыш куәлігі (CPL) болуы тиіс;

- әуе кемесінің иесі азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, соның ішінде жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандырғанына көз жеткізіңіз (тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты);

- ұшуға дейін қауіпсіздік нұсқаулығы көрсетіліп, өткізілуі тиіс. Бұл сізге төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуді білу үшін көмектеседі;

- қолайсыз ауа райында ұшуға шықпаңыз (жаңбыр, күшті жел, бұлтты ауа райы және т.б.).

Егер қауіпсіздік шараларына немесе әрекеттің заң жүзінде іске асуына қатысты күмәніңіз немесе күдігіңіз болса, қосымша ақпарат алу және тексеріс жүргізу үшін Азаматтық авиация комитетіне және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-на хабарласыңыз. Бұл шаралар қауіп-қатерлерді азайтып, сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етуге көмектеседі.

Қазақстанда жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларына жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатқанын еске саламыз. Алдын ала нәтижелер бойынша, 7 әуе кемесінің заңбұзушылықтар жойылғанға дейін пайдаланылуы тоқтатылды.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңына сәйкес, жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларына ақылы немесе жалға алу арқылы әуе тасымалдарын жүзеге асыруға, сондай-ақ авиациялық жұмыстарды орындауға тыйым салынатынын ескертеді. Аталған талаптарды бұзған пайдаланушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.