Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
SEC2026 ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан · Астана →
Басты бет
Жаңа жаһандық қатерлер кезеңіндегі авиациялық қауіпсіздік

13/10/2026

2026 жылғы 19–22 қазан аралығында Астанада ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді. Шара бүгінгі таңда халықаралық авиациялық қауіпсіздік жүйесі алдында тұрған ең өзекті сын-қатерлерді талқылау үшін авиациялық қауіпсіздік саласындағы басшылар мен сарапшыларды, мемлекеттердің авиациялық билік орындарының, әуежайлардың, әуе компанияларының, халықаралық ұйымдардың және авиация индустриясының өкілдерін тоғыстырады.

Азаматтық авиацияның үнемі өзгеріп әрі күрделеніп отыратын қауіп-қатер ортасында жұмыс істеуі бұл іс-шараның маңыздылығын одан әрі арттыра түседі. Дәстүрлі қауіптермен қатар киберқауіптерге, ұшқышсыз әуе кемелеріне, геосаяси тұрақсыздыққа, әуе кеңістігіндегі өзгерістерге, технологиялардың дамуына және жеткізілім шынжырларындағы әлсіз тұстарға байланысты жаңа сын-қатерлер пайда болуда.

Осының барлығы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, тәуекелдерді бағалау тетіктерін жетілдіруді және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи әрі орнықты тәсілдеріне көшуді талап етеді. Бұл туралы Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Жәнібек Азатұлы Шәріпбаевпен сұхбаттасқан едік.

— Жәнібек Азатұлы, бұл іс-шараны өткізу орны ретінде неліктен Қазақстан таңдалды және бұл қатардағы жолаушы үшін нені білдіреді?

— Астанада ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының өтуі — ең алдымен, халықаралық авиациялық қауіпсіздікті дамытудағы Қазақстанның рөлін мойындау. Маңызды факторлардың бірі — өткен жылы Қазақстан ИКАО-ның кешенді аудитінен өтіп, авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына 95,7% сәйкестік нәтижесін көрсетті. Бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ал қарапайым жолаушы үшін бұл ең алдымен мынаны білдіреді: Қазақстан Республикасындағы авиациялық қауіпсіздік жоғары деңгейде және бұл елде сапарлау қауіпсіз.

— Авиацияға жасалатын кибершабуылдың қауіптілігі неде?

— Бүгінгі цифрлық әлемде авиация — бұл тек ұшақтар мен әуежайлар ғана емес, сонымен бірге цифрлық жүйелердің, соның ішінде жолаушыларды сәйкестендіру мен тану жүйелерінің ауқымды кешені. Кибершабуыл тіркеу, жүктерді өңдеу, байланыс, ақпараттық жүйелер мен басқа да аса маңызды процестердің жұмысын ізден шығаруы мүмкін.

Сондықтан киберқауіпсіздік — авиациялық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Әңгіме тек жолаушыларды, экипажды, әуежай персоналын, әуежай аумағындағы адамдар мен тұрғындарды ғана емес, әуежайлардың өзін де қорғау туралы болып отыр. Бұл — экономикалық құрамдас бөлік, жайлылық пен қауіпсіздік. Осы тақырыпқа «Соңғы шеп: бүкіл авиациялық жүйедегі киберқауіпсіздік» атты жеке сессия арналады.

— Неліктен ұшқышсыз аппараттар авиациялық қауіпсіздік үшін мәселеге айналып отыр?

— Ұшқышсыз аппараттардың өзі қауіп төндірмейді — бұл белсенді дамып келе жатқан пайдалы технология. Мәселе олардың болмауы тиіс жерлерде: әуежайлардың, ұшу-қону жолақтарының немесе әуе кемелерінің қозғалыс бағдарларының жанында пайда болуынан туындайды.

Әсіресе, егер ұшқышсыз аппарат азаматтық авиацияға әдейі зиян келтіру үшін пайдаланылса, өте ауыр қатер төнеді. Сондықтан тек алдын алу шаралары ғана емес, сонымен бірге мұндай қауіптерді анықтаудың, әрекет етудің және қарсы тұрудың тиімді жүйелері болуы тиіс.

— Қауіпті аумақтар үстінен ұшу мәселесі қалай шешіледі?

— Шешім тәуекелдерді кешенді бағалау негізінде қабылданады. Әскери және саяси жағдай, қауіп-қатердің сипаты, халықаралық ұйымдардың ұсынымдары мен құзыретті органдардың ақпараты талданады.

Тәуекел деңгейіне байланысты бағдар өзгертіледі немесе қосымша авиациялық қауіпсіздік шаралары қолданылады — мысалы, тәуекелдерге қосымша бағалау жүргізіледі, тиісті органдар арасындағы өзара іс-қимыл күшейтіледі және басқа да қажетті шаралар қабылданады. Басты қағидат — азаматтық авиация үшін қолайсыз тәуекелге жол бермеу.

Осы тақырыпқа «Даулы әуе кеңістігі: карта бір түнде өзгергенде» сессиясы арналады. Бұл — қазіргі халықаралық жағдайда өте өзекті тақырып. Сарапшылар тәуекелдерді басқару және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері жылдам өзгеретін жағдайларға қалай әрекет етуі тиіс екенін талқылай алады.

— Жасанды интеллект авиациялық қауіпсіздікке қай жерде көмектеседі, ал қай жерде жаңа тәуекелдер тудырады?

— Жасанды интеллект авиациялық қауіпсіздікті едәуір арттыра алады: үлкен деректер көлемін талдауға, күдікті мінез-құлықты анықтауға, тәуекелдерді бағалауға және ықтимал қауіптерді жылдам табуға көмектеседі.

Бірақ оның екінші жағын да ескеру қажет. Жасанды интеллектінің өзі кибершабуыл объектісіне айналуы немесе қаскөйлердің шабуылдарды дайындауы мен жүзеге асыруы үшін пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан ЖИ-ді енгізу кезінде онымен байланысты жаңа тәуекелдерді бір мезгілде бағалау және бақылау қажет.

— Жолаушы әуе компаниясының шынымен қауіпсіз екенін қалай түсіне алады?

— Жолаушының авиациялық қауіпсіздіктің барлық құрамдас бөліктерін өз бетінше бағалауы мүмкін емес — әрі ол оны жасамауы да тиіс. Бұл іспен белгіленген талаптарға сәйкестікті қадағалауды, тексеруді және бақылауды жүзеге асыратын азаматтық авиацияның уәкілетті ұйымының мамандары айналысады.

Сондықтан жолаушы әуе компаниясының сертификатталғанына және өз қызметін авиациялық қауіпсіздіктің ұлттық әрі халықаралық талаптарына сәйкес жүзеге асыратынына сүйене алады. Жолаушы үшін қарапайым болып көрінетін бұл жүйенің артында мамандардың үздіксіз жұмысы тұр.

— Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа не айтқысы келеді және одан не алғысы келеді?

— Қазақстан Орталық Азияның жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесінің белсенді әрі жауапты қатысушысы екенін көрсеткісі келеді. Біз өзіміздің тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз және сонымен бірге жаңа технологияларға, білімге және халықаралық ынтымақтастыққа ашықпыз.

Біз мемлекеттер арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайтқымыз келеді, өйткені заманауи қауіп-қатерлер шекара таңдамайды. Қауіпсіз азаматтық әуе кеңістігі тек мемлекеттер бірлесе жұмыс істегенде ғана мүмкін болады.

— Іс-шара бағдарламасында тағы қандай қызықты нәрселер болады?

— Іс-шара бағдарламасы стратегиялық талқылаулардың, практикалық тәжірибе мен болашаққа деген перспективті көзқарастың үйлесімін білдіреді. Бұл ретте халықаралық стандарттарды сақтауға ғана емес, сонымен бірге орнықты, тәуекелге бағытталған және тиімді авиациялық қауіпсіздік жүйелерін қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылады.

Бұдан бөлек, «Бір шынжыр, көптеген қатысушылар: әуе жүктері мен поштасының қауіпсіздігін заманауиландыру» тақырыбындағы сессия да өте қызықты болады деп ойлаймын.

Халықаралық логистиканың өзгеруі аясында Қазақстан арқылы транзиттік жүктердің айтарлықтай көлемі өтуде. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі тек әуе кемесі мен жолаушыларға ғана емес, сонымен бірге авиациялық шынжырға түсетін әрбір жүк бірлігі мен пошта жөнелтіліміне де қатысты.

Бұл контексттегі ең нәзік мәселе — шығу тегінің белгісіздігі немесе бақылау шынжырының бұзылуы. Авиациялық қауіпсіздік үшін ішінде не бар екенін біліп қана қоймай, оны кім жібергенін, кім қабылдағанын, жүктің қайда болғанын, оған кімнің қолжетімділігі болғанын және қандай қауіпсіздік рәсімдері орындалғанын түсіну маңызды. Бұл логистикалық бағдарлар қайта құрылып жатқан халықаралық тасымалдар үшін өте өзекті.

Осы маңызды тақырып та Апталықта талқыланатын болады.

Жалпы алғанда, бұл әуежайларды, әуе компанияларын, авиациялық әкімшіліктерді, индустрия өкілдерін, халықаралық ұйымдарды және ИКАО-ны тоғыстыратын, халықаралық тәжірибе алмасу мен кәсіби өзара іс-қимылдың маңызды алаңына айналатынын атап өткім келеді.

Қорытынды «Messages from Astana» («Астанадан жолдаулар») сессиясы конференцияның негізгі тұжырымдарын шоғырландыруға және әрі қарайғы халықаралық жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Осылайша, Астанадағы талқылаулар авиациялық қауіпсіздік саласындағы болашақ жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға өз үлесін қосуға бағытталған.