06/10/2026
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде әуе көлігінің ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңеске ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, отандық әуе компаниялар мен әуежайлардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың және ерекше қажеттіліктері бар басқа да жолаушылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдар мен инклюзивті қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында нормативтік талаптарды жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсету статистикасы, сондай-ақ әуе компаниялар, әуежайлар мен қызмет көрсетушілер арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық аспектілері қаралды, соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын енгізу мақсатында жетілдіру мәселелері қарастырылды. Әуежайлардың инфрақұрылымның қолжетімділігін және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша практикалық тәжірибесі таныстырылды.
Алматы халықаралық әуежайы мен Астана халықаралық әуежайының өкілдері ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсету саласында қолданылатын тәсілдер мен практикалық шешімдерді таныстырды.
Қатысушылар мүгедектер арбаларын және басқа да қозғалыс құралдарын тасымалдау ерекшеліктерін, оның ішінде оларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру және әуе тасымалы процесінің барлық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Кездесудің маңызды бөлігі инклюзивті қоғамдастық өкілдерінің мәселелері мен ұсыныстарын талқылауға арналды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшы-кеңесшісі Гүлнар Ахмолдина, «AUTISM KAZAKHSTAN» ұлттық қауымдастығының төрайымы, Түркі мемлекеттері аутизм федерациясындағы ҚР уәкілетті өкілі Нүрия Балтабайқызы, «ДОС» тәуелсіз өмір сүру орталығы» ҚБ төрағасының кеңесшісі Жанагүл Ділжанова практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Ерекше қажеттіліктері бар жолаушылардың әуе көлігін пайдалану кезінде кездесетін өзекті мәселелері көтерілді.
Кеңеске қатысушылар мемлекеттік органдар, әуе компаниялар, әуежайлар және инклюзивті қоғамдастықтар өкілдері арасындағы жүйелі диалогты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте нормативтік талаптар мен қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру кезінде жолаушылардың өздерінің практикалық тәжірибесі мен қажеттіліктерін ескеру маңызды.
Әуежай инфрақұрылымы мен қызметтердің мүгедектігі бар адамдар және жүріп-тұруы шектеулі басқа да халық топтары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты одан әрі үйлестіру және бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру мақсатында ҚР Көлік министрлігі Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп мемлекеттік органдардың, әуежайлардың, әуе компаниялардың және инклюзивті қоғамдастықтардың өкілдерін тарта отырып, бірлескен жұмыс тобын құру туралы бастама көтерді.
Жұмыс тобы қолданыстағы талаптар мен қызмет көрсету тәжірибесін талдаумен, проблемалық мәселелерді анықтаумен, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеумен, сондай-ақ әуежай инфрақұрылымы мен қызметтерінің қолжетімділігін және барлық мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысады.