02/06/2025
Тбилиси қаласында (Грузия) Еуропа және Солтүстік Атлантика (EUR/NAT) ICAO өңірлік ұйымының Әуе навигациялық қызмет көрсетуді енгізуді қолдау жөніндегі 8-ші халықаралық ANSISG (Air Navigation Services Implementation Support Group) жиналысы өтті. Жиналысқа Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), Мемлекетаралық авиация комитеті (МАК), Еуроконтроль (Еуропалық аэронавигациялық қауіпсіздік ұйымы), сондай-ақ Әзербайжан, Алжир, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Түркия және Өзбекстанның авиациялық билік өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясының құрамына авиациялық инфрақұрылым жөніндегі аға директор Тамара Арчвадзе, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің аэронавигация департаментінің қызметкерлері Әділ Умуртаев, Вячеслав Скитейкин және "Қазаэронавигация" РМК өкілдері кірді. Жиынға "Қазаэронавигация" РМК-ның әуе қозғалысын ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Қайрат Тленшин төрағалық етті.
Жиналыста ИКАО-ның нормативтік құжаттарындағы маңызды өзгерістер туралы презентациялар ұсынылды. Еуроконтроль мамандары ұйымның статистикалық деректермен жұмыс істеу, оларды талдау және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметін таныстырды. Сонымен қатар, ICAO-ның ASBU (Air Navigation System Block Upgrade) тұжырымдамасына сәйкес әуе навигациялық жүйелерді дамыту блоктары бойынша кеңейтілген презентация ұсынылды.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшулар статистикасы, ұшу қызметі және әуе навигациялық жүйелерді дамыту блоктарын енгізу бойынша қызмет туралы есепті таныстырды. Жиынға қатысушы елдер де өз аймақтарындағы атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, ұсынылған ақпараттың түрлі аспектілерін талқылады.
Жиналыста Еуропа мен Орталық Азия өңірлеріндегі әуе навигациялық қызмет көрсетудің жай-күйі мен жетістіктері, заманауи технологияларды интеграциялау, персоналдың біліктілігі, деректер алмасу механизмдері және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Бұл әріптестікті нығайтып, өңірдегі авиациялық жүйелердің дамуына серпін береді.