Кіру

Басты бет
Әуе кемелерін мұздан тазарту: негізгі кезеңдер және қауіпсіздік талаптары

10/12/2025

Әуе кемелерін мұздан тазарту (дейайсинг) – ұшақты қауіпсіз ұшыру үшін жүргізілетін дайындықтың аса маңызды бөлігі. Халықаралық стандарттар мен азаматтық авиация саласындағы ішкі нормативтік талаптарды сақтау әуе компаниялар мен әуежайлар үшін басты басымдық болып табылады.

Қыс мезгілінде мұздану қаупі айтарлықтай артады. Қанаттарда, қауырсындарда немесе басқа да маңызды беттерде пайда болған мұздың, қыраудың немесе қардың жұқа қабатының өзі әуе кемесінің аэродинамикалық қасиеттерін нашарлатып, ауа кедергісін арттырып, көтеру күшін азайтады. Бұл ұшу сипаттамаларының төмендеуіне алып келеді.

Осы себепті халықаралық тәжірибе мен ұлттық рәсімдерде міндетті түрде мұздан тазарту қолданылады. Ол әдетте бір немесе екі кезеңде жүргізілетін арнайы сұйықтықты қолдануды қамтиды:

1.     Әуе кемесінің маңызды беттерінен мұзды, қарды, қырауды және басқа да ластануларды кетіру.

2.     Қайта мұзданудың алдын алу үшін белгілі бір уақыт ішінде әсер ететін қорғаныс қабатын жағу.

Белсенді жауын-шашын мен төмен температура жағдайында рейстердің ұшып шығуы кідіртілуі мүмкін. Бұл әуе кемесін өңдеуді сапалы орындау және сұйықтықтың әсері ұшу-қону жолағына шыққанға дейін сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Мұндай кідірістер ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

Неге өңдеу жолаушылар отырғызылғаннан кейін басталады

Мұздан тазарту рәсімдері жолаушылар толық отырғызылып, әуе кемесінің барлық есіктері жабылғаннан кейін жүргізіледі. Бұл талаптың негізгі себебі – мұздануға қарсы сұйықтықтардың әсер ету уақытының шектеулі болуында. Қорғаныс қабатының тиімділігін барынша арттыру және оның ұшып шыққанға дейін сақталуын қамтамасыз ету үшін өңдеу мүмкіндігінше ұшу уақытына жақын жасалуы тиіс.

Есіктерді жабу мұздан тазарту процедураларының технологиялық талаптарына да сәйкес келеді. Жолаушылар отырғызылып, есіктер жабылғаннан кейін ұшақ тұрақта қала береді немесе арнайы мұздан арылту алаңына жеткізіледі. Ауа райы жағдайына байланысты өңдеу бірден немесе жағдай жақсарған кезде орындалады. Мұндай технологиялық күту – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық және ұлттық рәсімдердің міндетті бөлігі.

Барлық жолаушыларға түсіністік пен шыдамдылық танытқаны үшін алғыс айтамыз!