Кіру

Басты бет >
Тәжірибе алмасу аясында Қазақстанның авиациялық билік делегациясы Румынияның азаматтық авиация жүйесін зерттеді

09/03/2023

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің делегациясы Румынияның Азаматтық авиация басқармасына және Бухарест қаласының Анри Коанда атындағы халықаралық әуежайына барды.

Жоғарыда аталған сапар шеңберінде ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, аэронавигация, әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) және жерге қызмет көрсету, лицензиялау, емтихан қызметі, пилотсыз авиациялық жүйелер және қауіпті жүктерді тасымалдау мәселелері қаралды.

Аэронавигация саласында қонуға кірудің белгіленген аспаптық схемаларына және жердегі навигациялық құралдардың қорғаныс аймақтарына әсер ету тұрғысынан тұрғызуға жоспарланған объектілердің ұшу қауіпсіздігіне әсерін бағалау процестері зерделенді.

Сондай-ақ, GNSS (ғаламдық навигациялық спутниктік жүйе) спутниктік сигнал сапасының күтілетін немесе нақты бұзылуы туралы NOTAM хабарламаларын шығару мүмкіндігі көрсетілді.

Әуеайлақтар департаментінің басшылығымен және қызметкерлерімен кездесу өткізілді, кездесу барысында жалпы қолжетімділік үшін әуеайлақтарды сертификаттау, жалпы мақсаттағы авиация әуеайлақтарын сертификаттау; әуеайлақ ауданында ғимараттар мен құрылыстар салу үшін рұқсат беру рәсімдері; тірі табиғатты бақылауды жүзеге асыру тәртібі, жерүсті қызмет көрсетушілерді сертификаттау, перрондағы жерүсті қозғалысын басқару қызметтерін жеткізушілерге қойылатын талаптар мәселелері талқыланды. Бухарест қаласындағы Анри Коанда атындағы халықаралық әуежайдың жұмысымен, оның ішінде перрондағы қозғалысты ұйымдастыруды қамтамасыз етудің өндірістік қызметімен, ұшуды авариялық-құтқару қызметімен таныстыру жүргізілді.

Сонымен қатар, аэронавигациялық қызмет көрсету провайдерінің диспетчерлік пунктіне, әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерін даярлау тренажерлік орталығына (ӘҚҚ) барды.

Сондай-ақ лицензиялау, еуропалық авиация қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) стандарттары бойынша авиация персоналының шетелдік куәліктерін тану процестері, біліктілік емтихандарын өткізу және авиациялық оқу орталықтарын сертификаттау тәжірибесі зерделенді. Сонымен қатар, румындық реттеушінің әріптестері сала мамандары бойынша деректерді есепке алу және сақтау бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу тәжірибесі мен ерекшелігімен бөлісті.

Румынияның авиациялық билігі ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдаланушылар мен өндірушіге олардың қызметімен танысу үшін, сондай-ақ бірыңғай еуропалық заңнама шеңберінде жұмыс істеу процесінде туындайтын проблемалық сәттерді талқылау үшін баруды ұйымдастырды.  

Қауіпті жүктерді әуе арқылы қауіпсіз тасымалдауға қатысты румын әріптестерінің Техникалық нұсқаулықтардың әрекетінен босату, азаматтық авиация субъектілерін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, Нормативтік-құқықтық реттеу, EASA стандарттарын енгізу, әуе кемелерін шетелдік пайдаланушыларға перрондық тексерулер жүргізу (SAFA), оқытуда құзыреттілік тәсілді енгізу, радиоактивті заттарды тасымалдауды реттеу бөлігіндегі тәжірибесі зерделенді.

Авиациялық қауіпсіздік бөлігінде мемлекеттік реттеу жүйесі, авиациялық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі тетіктер мен функциялар, ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасын қолдану және ЕО (ЕКАК) стандарттарын енгізу, авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нормативтік құқықтық актілер, әуежайлар мен авиакомпаниялардағы қауіпсіздік қызметтерін практикалық басқару зерделенді. Делегация Бухарест әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің нақты жарақтандырылуымен және мазмұнымен авиациялық қауіпсіздік бойынша тарифті есептеу тетігімен, авиациялық қауіпсіздік бойынша сапаны бақылау мен қадағалауды жүзеге асырумен, мемлекеттік және арнайы органдармен өзара іс-қимылмен танысты.

Біздің елімізде енгізу үшін тартымды тәжірибелердің бірі-Румыния әуежайларында барлық тексеру іс-шаралары, атап айтқанда: жолаушыларды, багажды, жүкті, поштаны, борттық тамақтануды, сондай-ақ әуежайдың бақыланатын аймағына кіретін барлық адамдар мен тауарларды тексеруді бірыңғай мемлекеттік оператор жүзеге асырады.

Ел әуежайларында авиациялық қауіпсіздік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында әрбір ұшатын жолаушыдан авиациялық қауіпсіздік тарифі бойынша 6-7 еуро сомасында алым алынады, оның бір бөлігі 0,28 еуро сомасында Румынияның азаматтық авиация әкімшілігі авиациялық қауіпсіздік департаментінің қызметін қаржыландыру үшін жіберіледі.

Бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсетеді және Еуропалық Одақтың жекелеген елдерінің авиациялық қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша мамандар Еуропалық Одақтың стандарттары бойынша ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде жақсы халықаралық тәжірибе алды, ол Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру процесінде пайдаланылатын болады.