07/04/2025
Түркістан облысында зардап шеккен 15 адамы бар зақымдалған әуе кемесін имитациялаумен ұшуларды іздестіру-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша үйлестіру жаттығулары сәтті өтті. Іс-шараға Түркістан облысының және Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменттері, «Қазаэронавигация» РМК Іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру орталығы, «Қазаэронавигация» РМК Оңтүстік Қазақстан облыстық орталығының әуе қозғалысын басқару қызметінің диспетчерлері, «Қазавиакөлік» АҚ-ның іздестіру-құтқару ұшақтары, «Қазаэронавигация» РМК Әуе қозғалысын басқару қызметінің диспетчерлері, «Казавиаспас» АҚ-ның, «Dala Air» ЖШС-нің іздестіру-құтқару ұшақтары, «Аэронавигация» РМК-ның әуе кемелері және Шымкент әуежайының ҰІҚҚ жедел-құтқару жасақтары күштері қатысты.
Оқу-жаттығу авиациялық сектордағы ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін барлық қатысушылардың өзара әрекеттесу деңгейін және жедел дайындығын арттырудағы маңызды қадам болды. Іс-шара әртүрлі мемлекеттік және төтенше жағдайлар қызметтері арасындағы үйлестіруді жақсарту, сондай-ақ іздестіру-құтқару бөлімшелерінің әуе кемелеріндегі төтенше жағдайларда тапсырмаларды орындауға дайындығын тексеру мақсатында ұйымдастырылды.
Негізгі назар авиациялық оқиға кезінде оқиға орнында іс-әрекеттерді, оның ішінде оқшаулау, зардап шеккендерді эвакуациялау және алғашқы медициналық көмек көрсету, қоршаумен қамтамасыз ету және оқиға орнында жедел штабты орналастыруға бағытталды.
Оқу-жаттығуларға Түркістан облысы және Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменттерінің мобильді жедел әрекет ету топтары, сондай-ақ арнайы техникалар, соның ішінде Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының жедел жәрдем көліктері мен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төрткөл тасжолы медициналық-құтқару стансасы, тікұшақтар мен қиын аймақтарда іздестіру жұмыстарын жүргізуге арналған техникалар жұмылдырылды.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандары іс-қимылдың жоғары тиімділігін, кәсіби шеберлігін және үйлестіру деңгейін көрсетті. Құтқарушылар, дәрігерлер, кинологтар мен жергілікті билік өкілдерінің өзара қарым-қатынасына ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығуларға бақылаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару бойынша командалық орталығының өкілдері және Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігі жанындағы Азаматтық авиация агенттігінің ұшуларды іздестіру-құтқару жұмыстарын қамтамасыз етуді қадағалау департаментінің бастығы А.Г. Ниязов шақырылды. Сарапшылар оқу-жаттығуларға тартылған барлық бөлімшелердің дайындық деңгейін жоғары бағалады.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қатысушыларға кәсібилігі мен тиімділігі үшін алғысын білдіріп, мұндай оқу-жаттығулар еліміздің барлық аймақтарындағы қауіпсіздік деңгейін одан әрі жақсарту үшін тұрақты тәжірибеге айналуы тиіс екенін атап өтті.