30/11/2020
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекциялық комиссиясы Түркістан қаласының әуеайлағына сертификаттық тексеру жүргізді. Инспекторлар ұшу алаңын, өндірістік базаны, әуежай персоналының жасақталуын, әуежайды жарақтандыруды, техникалық база мен жабдықты сертификатталуын, әуеайлақ басшылығын және барлық қызметтер мен жабдықтардың құжаттамасын зерттеді.
Сертификаттық тексеру келесі салаларды қамтыды: әуеайлақтың физикалық сипаттамалары, әуеайлақ жасанды жабындарының жағдайы және белгіленуі, кедергілерді шектеу және есепке алу, ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз ету, авиаотынмен қамтамасыз ету, ұшуды авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету, әуеайлаққа қызмет көрсету және күтіп-ұстау, әуеайлақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі, әуе кемелеріне жердегі қызмет көрсету, жолаушылар мен багажға қызмет көрсету, әуе кемелерін мұздан тазарту, авиациялық қауіпсіздік және ұшу қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету.
Сертификаттық тексеру аяқталғаннан кейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуеайлақтың жарамдылығы сертификатын берді. Осылайша Түркістан әуежайы ішкі және халықаралық рейстерді, соның ішінде жүк тасымалдау рейстерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды.
Бұл ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, Түркістан облысы әкімдігінің және “YDA” түрік компаниясының пайдалануға беруге дайындық жұмысының 9 ай ішіндегі бірлескен жұмысының нәтижесі.
Түркістан халықаралық әуежайы – Қазақстанның жаңа тарихындағы “таза парақтан” жаңадан жобаланған, салынған және пайдалануға берілген алғашқы әуе айлағы.
Сонымен қатар, бүгін Түркістан қаласының әуежайында “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ Бас директоры Питер Гриффитс “ҚР Азаматтық авиациясының стратегиялық дамуы” тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге Азаматтық авиация комитетінің өкілдері, Қазақстан әуежайларының бірінші басшылары қатысты. Питер Гриффитс өз сөзінде авиациялық биліктің стратегиясы әлеуетті арттыру, қызметті басқару, саланы жақсарту және халықаралық ұйымдармен байланыс болып табылатынын атап өтті.
Алдағы жылы авиация саласында 2022 жылдың екінші жартысында ИКАО аудитін және одан кейінгі CAT1 санатын алу үшін FAA аудитіне дайындау жоспарлануда. “Авиация әкімшілігі ұшу қауіпсіздігіне тиісті бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруда, сондай-ақ саланы дамыту бойынша тиісті шаралар қабылдауды жалғастыруда. Біз барлық әуежайлар үшін бірдей тәсілді әзірлейміз, оларға қойылған мақсаттарға, міндеттерге қол жеткізуде және шектеулерді еңсеруде қолдау көрсетуге дайынбыз” атап өтті Питер Гриффитс. Сондай-ақ, авиация билігі COVID-19 пандемиясының салдарын азайту және саланы қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырады.
Кездесу барысында қатысушылар ағымдағы үдерістер мен стратегиялық дамудың өзекті мәселелерін талқылады. Бүгінгі күні қазақстандық заңнамаға әуеайлақтар/әуежайлар үшін талаптарды енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу аяқталуда.
Кездесуге қатысушылар Түркістан қаласы әуежайының жолаушылар терминалының жұмысымен және функционалымен танысты, әуеайлақ алаңын және әуежай мен әуе кемелерінің жұмысына қызмет көрсететін арнайы техникамее танысты.
Әуежай Түркістан қаласынан шығысқа қарай 20 км қашықтықта орналасқан. Әуежай коды: ICAO-UAIT, IATA-HSA. Жасанды ұшу-қону жолағының ұзындығы – 3300 м., ені – 45 м. Әуеайлақта екі бұру-жылжу жолы бар, перрон бөлігінде әуе кемелеріне қызмет көрсетуге арналған 7 тұрақ орны, сондай-ақ әуе кемесін мұз қатуға қарсы өңдеуге арналған бір тұрақ бар. Түркістан әуеайлағы (жасанды ұшу-қону жолағы) В класына сәйкес келеді, ICAO – 4D коды, шағын авиациядан Боинг 757/767 дейінгі әуе кемелерін қабылдауға қабілетті.
1 желтоқсанда “Fly Arystan” әуе компаниясының инаугурациялық рейсін іске қосу жоспарлануда. Рейстер күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан Түркістанға орындалатын болады. Сондай-ақ, “Qazaq Air” әуе компаниясы өз әуе кемелерін Түркістан қаласының әуежайына орналастыруды жоспарлап отыр.