Кіру

Басты бет
Теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің авиациялық байланысын жақсарту мәселесі ІКАО Ассамблеясының 42-сессиясында талқыланды

02/10/2025

Канаданың Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) 42-сессиясы аясында «Теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттерде (ТШАДМ) тұрақты дамуды ілгерілетудегі авиацияның негізгі рөлі туралы ІКАО жоғары деңгейлі диалогы» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Сессияның күн тәртібіне әуе байланысын арттыру процесінде жекелеген мемлекеттердің жинақтаған тәжірибесі мен алған сабағы, сондай-ақ авиацияны ұлттық даму стратегияларының бір бөлігі ретінде мультимодальды көлік дамуы жоспарларына интеграциялау мәселелері енгізілді.

Сессия модераторы – ICAO EUR/NAT бюросының Аймақтық директоры Николас Ралло авиация ұлттық және өңірлік даму стратегияларына толық интеграциялануы қажет екенін атап өтті.

«Теңізге шыға алмайтын мемлекеттер үшін авиация – жай ғана көлік түрі емес, ол – туризм, денсаулық сақтау, білім беру және экономикалық өсімнің нағыз өмірлік артериясы, катализаторы. Авиацияны дамытудағы жетістік үкімет, донорлар, даму банктерінің, жеке сектордың және барлық мүдделі тараптардың берік серіктестігіне байланысты. Бүгінгі диалогты тұрақты болашақ үшін нақты нәтижелер беретін шынайы іс-қимылға айналдырайық», – деді Николас Ралло.

ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева «Әуе байланысын дамытуға ықпал ететін құқықтық базаны қалыптастыру және авиация саласындағы әріптестікті нығайтуға қатысты Қазақстанның тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Сарапшылардың сұрақтарына жауап бере отырып, спикер Қазақстан теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттерге арналған авиацияға деген қажеттілікті талдау жөніндегі ИКАО бастамасын қолдағанын мәлімдеді.

«Авиация – теңізге шыға алмайтын елдер үшін дамудың өмірлік маңызды артериясы. Қазақстан Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан, бұл бізді халықаралық авиациялық жүйенің маңызды бөлігі етеді. Біз үш бағытқа басымдық беріп отырмыз: инфрақұрылым мен инновацияға инвестиция салу, халықаралық әуе байланысын кеңейту, халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті нығайту. Өткен жылы Қазақстан ИКАО жанынан Тұрақты өкілдігін ашты, ал биыл ИКАО-мен бірге 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі Бас жоспарға қол қойдық. Біз өз өңірімізде Еуразиялық азаматтық авиация конференциясын өткізу бастамасын қолға алдық, оның мақсаты – интеграцияны нығайту және теңізге шыға алмайтын мемлекеттер арасындағы әуе қатынасын жақсарту», – деп атап өтті Салтанат Томпиева.

Пленарлық сессия барысында теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттердің авиациялық байланысты арттыруға бағытталған шаралардың қатарында әуе келісімдерін либерализациялау және маршруттық желіні кеңейту (мүмкін болған жерлерде «ашық аспан» қағидаттары), Орталық Азияда хабтық модель мен транзиттік тасымалдарды (жолаушылар және жүк) дамыту, әуежай мен аэронавигациялық инфрақұрылымды жаңғырту, ағындарды басқарудың цифрлық жүйелерін енгізу, кадр даярлау бағдарламалары және халықаралық ұйымдармен әріптестік (NGAP, оқу орталықтары, тәжірибе алмасу) қамтылуы тиіс екені атап өтілді.

Сессия барысында, сонымен қатар Моңғолияның Канадағы Елшісі Сарантого Эрдэнэцогт, Эфиопияның авиациялық әкімшілігінің директоры Йоханнес Абера, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және даму көрсеткіші төмен, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер мен шағын аралдық дамушы мемлекеттер істері жөніндегі Жоғарғы өкіл Фатима Рабаб, БАӘ-нің ИКАО-дағы өкілі Мохаммад Салем, Халықаралық әуежайлар кеңесінің (ACI) Бас директоры Джастин Эрбаччи, Дүниежүзілік банк тобының Әуе көлігі бағыты бойынша ғаламдық жетекшісі Чарльз Шлумберже сөз сөйледі.