Кіру

Басты бет
Ақтау әуежайында аэродром инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

19/06/2026

Қазіргі уақытта Ақтау халықаралық әуежайында 2024 жылы басталған аэродром жабындарын кешенді жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылатын перронды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның бірінші кезеңі аясында ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарын қайта жаңарту жұмыстары орындалып, олар 2025 жылғы шілде айында толық аяқталды.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жобаның екінші кезеңі іске асырылуда. Ол рейстерді тоқтатпай-ақ перрон мен әуежайдың периметрлік инфрақұрылым нысандарын жөндеуді көздейді.
Бүгінгі таңда перронды жөндеу жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Қазіргі уақытта жабынның қалған бөлігін төсеу, периметрлік қоршауды орнату және қосымша жарықтандыру жүйелерін жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Барлық жұмыстарды 2026 жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әуе кемелерінің тұрақ орындарын кеңейтіп, олардың көтергіштік қабілетін күшейтуге, сондай-ақ ұшу салмағы жоғары жүк әуе кемелеріне қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақтау әуежайы барлық үлгідегі әуе кемелерін, оның ішінде «F» санатындағы әуе кемелерін қабылдай алады. Бұл өз кезегінде транзиттік және жүк тасымалдарын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.