Кіру

Басты бет >
Қ. Өскенбаев Мемлекетаралық авиация комитетінің басшысымен кездесті

31/10/2022

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мемлекетаралық авиация комитетінің (МАК) төрағасы Татьяна Анодинамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, ынтымақтастықты одан әрмен дамытудың тетіктерін таразылады. Атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, авиациялық оқиғаларды тергеу мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Өз кезегінде Т. Анодина Қазақстанға Мемлекетаралық авиация комитетіне көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін алғысын білдіріп, бұл тараптағы ынтымақтастықтың одан әрмен нығая беретіндігіне сенім білдірді.

Анықтама: Мемлекетаралық авиация комитеті (МАК) 1991 жылғы желтоқсанда Азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану туралы мемлекетаралық келісім негізінде құрылды. Келісімге қатысушы елдер қатарында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан бар.

МАК қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – бірыңғай авиациялық қағидаларды, ұшуға жарамдылық нормаларын, авиациялық техниканы және оны өндіруді сертификаттаудың бірыңғай жүйесін, халықаралық санаттағы әуеайлақтар мен олардың жабдықтарын сақтау, авиациялық оқиғаларды тәуелсіз тергеу, азаматтық авиацияны дамыту мәселелерін үйлестіру және әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйелерін дамытудың ұлттық бағдарламаларын үйлестіру.

МАК туралы келісім мен Ереже 1992 жылғы шілдеде Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ИКАО) тіркелді. Сондай-ақ комитет халықаралық көліктегі тәуелсіз тергеу органдары қауымдастығының (ITSA) мүшесі болып табылады.