Кіру

Басты бет >
Үшарал әуежайы тексеруден өтіп, пайдалануға берілді

09/08/2022

“Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ инспекторлары жасанды ұшу-қону жолағын қайта жаңартылғаннан кейін Үшарал әуежайына сертификаттық тексеру жүргізді. Бүгінгі таңда негізгі жұмыс түрлері, оның ішінде ұшу-қону жолағын 2 700 м дейін ұзарту және рульдеу жолын кеңейту аяқталды. Жетісу облысының әкімдігі мердігерлік ұйыммен бірлесіп жоба бойынша қалған жұмыстарды іске асыруды жалғастыруда.


Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Үшарал әуежайына пайдалануға жарамдылық сертификаты берілді. Бүгін авиакомпаниялар Үшарал – Алматы және Үшарал – Нұр-Сұлтан субсидияланатын бағыттары бойынша авиабилеттерді сатуды бастайды. Рейстерді "SCAT" әуе компаниясы "CRJ2" әуе кемелерінде (сыйымдылығы 50 орындық) жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 14 рейс жиілігімен, қалған уақытта 7 рейс орындайтын болады.


Билет құны 15 000тг және 16 000 тг. Ұшулар ағымдағы жылдың 15 тамызынан басталады, сондай - ақ Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша "Жетісу" әуекомпаниясы ағымдағы жылдың 11 тамызынан бастап жазғы маусымда 28 рейс жиілігімен, қалған кезеңде 14 рейс орындайды. Ұшулар сыйымдылығы 19 орындық "L-410" ұшақтарында орындалатын болады. Билет бағасы - 8 000тг.