Кіру

Басты бет
АҚШ-қа тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық аясында TSA жүк тасымалы қауіпсіздігі жөніндегі сарапшылары Қазақстанға таныстыру сапарын бастады

13/07/2026

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасының (Transportation Security Administration, TSA) Әуе жүктерінің қауіпсіздік жүйесін тану тобының (TSA Cargo Recognition Team) сарапшыларының таныстыру сапары басталды.

Сапардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы әуе жүк тасымалдарының авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесімен танысу. Бірнеше күн ішінде америкалық сарапшылар авиациялық реттеушінің қызметімен танысып, сондай-ақ Астана және Алматы халықаралық әуежайларына барып, әуе жүктерін өңдеу және тасымалдау кезіндегі авиациялық қауіпсіздік шаралары мен рәсімдерін зерделейді.

Сапардың алғашқы күні АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасының (TSA), Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің, Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS), Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Кездесу барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі авиация саласындағы реттеуші органның қызметі, елдің авиация саласының қазіргі жағдайы және авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары туралы шолу ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік бақылауды жетілдіру, авиациялық қауіпсіздік жүйесін нығайту және халықаралық стандарттарды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстан мен АҚШ-тың құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, әуе жүк тасымалдарының авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және халықаралық әуе тасымалдарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кеңестен кейін TSA сарапшылары Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Авиациялық қауіпсіздік департаментінің қызметімен танысты. Америкалық делегация авиациялық жүк тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны, ішкі рәсімдерді, мемлекеттік бақылау жүйесін және жұмыс процестерін зерделеді.

Аталған сапар Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық жөніндегі жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Америка тарапы Қазақстанға ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру және оның халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету бағытында жан-жақты сараптамалық әрі әдістемелік қолдау көрсетуде. Сапар қорытындылары екі елдің авиациялық билік органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін іске қосуға қажетті алғышарттарды қалыптастыруға ықпал етеді.