Кіру

Басты бет
Салтанат Томпиева ИКАО жанындағы Францияның Тұрақты өкілі Флоранс Кормон-Вейсьермен кездесу өткізді

21/04/2026

ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Франция Республикасының өкілі Флоранс Кормон-Вейсьермен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасының ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Бас атқарушы директорының міндетін атқарушы Аслан Сәтжанов және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің ұшу қауіпсіздігі, стратегия, стандарттау және үйлестіру жөніндегі басқарушы директоры Жанат Абдугалимов қатысты. Тараптар халықаралық авиация күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді, соның ішінде ИКАО аясындағы мемлекеттердің өзара іс-қимылын, азаматтық авиацияны дамытудың басым бағыттары бойынша тәсілдерді үйлестіруді, сондай-ақ ENAC-пен стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Кадрларды даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ озық тәжірибелер мен технологияларды енгізу саласында ENAC-пен серіктестікті кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар екі ел арасындағы әуе қатынасын қайта ашу мүмкіндігіне қатысты мәселелер қаралды.

Анықтама: Қазақстан мен Франция арасында тұрақты әуе қатынасын жүзеге асыру үшін құқықтық база қарастырылған. Пандемияға дейін «Эйр Астана» әуе компаниясы Астана – Париж бағыты бойынша аптасына 3 рейс орындаған болатын.

Кездесуде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұлттық реттеуді ИКАО-ның халықаралық стандарттарымен және ұсынылатын практикасымен үйлестіру, сондай-ақ саланың кадрлық әлеуетін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Салтанат Томпиева Францияның жаһандық авиациялық жүйенің негізгі қатысушыларының бірі ретіндегі серіктестігін кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ИКАО-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажеттігіне тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты іс-қимылды одан әрі нығайтуға және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықты жандандыруға өзара қызығушылық расталды.