Кіру

Басты бет >
“Qatar Airways” Қазақстанға әуе рейстерді ашады

02/09/2021

2021 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына Қазақстан мен Катар арасында тұрақты әуе қатынасын ашу мәселесі шығарылды.


Осылайша, Азаматтық авиация комитеті және Катар елінің авиациялық билік органдары екі ел арасындағы әуе қатынасы саласында құқықтық базаны құру және кеңейту жөніндегі жұмысының арқасында “Qatar Airways” әуе компаниясы 2021 жылғы 15 қазаннан бастап Доха және Алматы қалалары арасында Қазақстанға тұрақты рейстерді орындауды бастауды жоспарлап отыр.


Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-320 үлгісіндегі әуе кемесінде дүйсенбі және жұма күндері аптасына 2 рейс жиілігімен орындалады деп жоспарлануда.


Екі ел арасында тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туристік қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.


Анықтама үшін:
“Qatar Airways” әуе компаниясы 1997 жылы құрылған. Бүкіл әлем бойынша 160-тан астам тағайындау пункттерін біріктіре отырып, алты құрлықта ұшуды жүзеге асырады. Әуе кемелері паркінде А-320/321/350, Б-777/787 үлгісіндегі 200-ден астам ұшақ бар. “Qatar Airways “2011, 2012, 2015, 2017 және 2019 жылдары Skytrax нұсқасы бойынша әлемнің” бес жұлдызды” әуе компанияларының рейтингіне кірді. Әуе компанияның 46000-нан астам қызметкері бар.