Кіру

Басты бет >
Нұр-Сұлтан әуежайында рейстердің кешігуіне қатысты ақпарат

17/01/2020

Ауа-райының қолайсыздығына, атап айтқанда қатты қарлы боранға және ұшу қауіпсіздігі үшін әуе кемелерін мұзға қарсы сұйықтықпен өңдеу жүргізудің мүмкін еместігіне байланысты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келіп-кететін ұшақ рейстері кешігіп жатыр.

Қазіргі уақытта 16 рейс ұшуға кешігуде. "Эйр Астана" әуе компаниясының 10 рейсі (Шымкент-2 рейс, Атырау, Өскемен, Алматы-2 рейс, Ақтөбе -2 рейсі, Дубай, Новосибирск) және "SCAT" әуекомпаниясының екі рейсі (Алматы, Ақтау), Нұр-сұлтан – Стамбул бағыты бойынша Turkish Airlines әуе компаниясының рейсі, Нұр-Сұлтан – Дубай бағыты бойынша Флайдубай әуе компаниясының, Нұр-Сұлтан – Франкфурт бағыты бойынша Люфтганза әуе компаниясының, Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағыты бойынша Аэрофлот әуе компаниясының рейсі кешігуде.

Сонымен қатар, ұшып келетін 18 рейс кешігіп жатыр. Бұл "Эйр Астана" әуе компаниясының 11 рейсі (Алматы – 3 рейс, Қызылорда, Шымкент - 2 рейс, Орал, Ақтөбе - 2 рейс, Өскемен, Новосибирск), "SCAT" әуе компаниясының 4 рейсі (Алматы, Ақтау, Атырау, Мәскеу), Qazaq Air әуе компаниясының 2 рейсі (Жезқазған, Өскемен) және Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағыты бойынша FlyArystan әуе компаниясының рейсі.

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 86-бабына сәйкес, рейс тасымалдаушының кінәсінен кейінге қалдырылған, рейс орындалмаған немесе кешіктірілген кезде, әуе кемесінің кеш келуіне немесе тасымалдау маршрутының өзгеруіне байланысты ұшу және аралық пункттердегі жолаушылар үшін келесі қызметтер:

1) жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала үшін бөлме (егер бар болса) беру;

2) рейстің ұшуын екі сағаттан артық күтіп тұрған кезде бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауы немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама;

3) рейстің ұшуын екі сағаттан артық күту кезінде алкогольсіз сусындармен қамтамасыз ету;

4) рейстің ұшуын төрт сағаттан артық күткен кезде және одан әрі ыстық тамақпен қамтамасыз ету:

  • әр алты сағат сайын - күндіз;

  • әр сегіз сағат сайын - түнде;

5) тасымалдаушы ұсынған қонақүйде тұру, рейстің сегіз сағаттан астам уақытты күту кезінде - күндіз және алты сағаттан артық - түнде;

6) тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге және кері қайту, егер қонақ үй қосымша ақысыз ұсынылса.

Егер рейс тасымалдаушының кінәсінен он сағаттан астам уақытқа тоқтатылса немесе кешіктірілсе, тасымалдаушы жолаушының таңдауы бойынша:

1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызмет көрсете отырып, жолаушы билетте көрсетілген бағытқа бірінші рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;

2) жолаушыға билеттің толық құнын қайтаруға міндетті.

Егер көрсетілген қызметтер көрсетілмесе, жолаушыларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 567-бабына сәйкес әуе компанияларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға хабарласу ұсынылады.

Бұл ретте ауа-райының қолайсыздығы бойынша әуе рейстерді кешіктіру немесе тоқтату әуе тасымалдаушының кінәсі болып табылмайды.

Ауа-райы болжамына сәйкес, ел аумағында қолайсыз метео жағдай сақталады. Осыған орай жолаушыларға рейстер бойынша мәліметтерді call-орталықтар мен әуе компаниялардың ресми сайттарында алдын-ала білуге кеңес беріледі.«Эйр Астана» әуе компаниясының байланыс орталықтары: Алматы қ. +7 7272 444477, Астана қ. +7 7172 584477, ұялы телефон: +7 702 702 4477.

SCAT әуе компаниясының байланыс орталығы +7 7252 998880.

Барлық жолаушылардан ауа-райының қолайсыздығына байланысты әуе рейстерінің кешігуіне түсіністікпен қарауды сұраймыз.Азаматтық авиация комитеті мен әуе компаниялардың негізгі басымдығы - ұшу қауіпсіздігі және жолаушылар қауіпсіздігі сақтау болып табылады.