05/04/2021
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде жеке куәліктерді беру процестерін цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Азаматтық авиация комитеті мүдделі органдармен және ұйымдармен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ-мен, Қазақстан Республикасының әуе компаниялары мен әуежайларымен, “ҰАТ” АҚ-мен бірлесіп, әуе көлігінде цифрлық құжаттарды пайдалану мүмкіндігі бойынша жұмыс жүргізуде.
Сонымен, 2021 жылғы 5 сәуірден бастап пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында цифрлық құжаттар сервисі іске қосылады. “Эйр Астана” әуекомпаниясының тұрақты рейстерімен екі қала арасында ұшып шығатын жолаушылар жеке деректерін растау үшін “Egov Mobile”мобильдік қосымшасы арқылы электрондық жеке куәлігін ұсына алады. Осылайша, ішкі рейстердің жолаушылары сандық жеке куәлікті қолдана отырып саяхаттай алады.
Цифрлық құжаттар сервисін пайдаланатын жолаушылар әуежайдың тіркеу тағанында тіркелу кезінде, сондай-ақ ұшу алдындағы қарап тексеруден өту кезінде “Egov Mobile”қосымшасында жинақталатын QR-кодты көрсетуі тиіс.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы EgovMobile-да “цифрлық құжаттар” сервисі арқылы жасалған QR-кодты оқу бойынша “Е-document” бағдарламалық қамтылымын әзірлегені атап өтілді.
Ағымдағы жылы цифрлық құжаттар сервисі Қазақстан Республикасының барлық әуежайларында енгізіледі деп күтілуде.
Әуежайлардағы цифрлық құжаттама қызметіне байланысты қазіргі уақытта пилоттық режимде іске қосылуда, осы қызметті пайдалануды жоспарлап отырған жолаушыларға өздерімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын алып жүру ұсынылады.