02/06/2023
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Монреальдағы (Канада) штаб-пәтерінде авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының 34 отырысы – AVSECP/34 өтуде. Сарапшылар тобының мүшелері 33 мемлекеттің өкілдері болып табылады. Қазақстандық тараптан ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің қолдауымен "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас директорының орынбасары Дархан Еспотанов, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Дархан Катышев және ҚР Канададағы елшілігінің консулы Мұрат Рүстемов қатысуда. Қазақстаннан келген делегация алғаш рет сарапшылар тобының осы отырысына бақылаушылар ретінде қатысады.
AVSECP/34 сарапшылар тобының негізгі міндеттері стандарттар мен ұсынылатын практиканы әзірлеу, азаматтық авиациядағы жаңа және туындайтын қатерлерді анықтау және зерделеу және олар бойынша қарсы шаралар жасау, ИКАО хатшылығына авиациялық қауіпсіздік жөніндегі рәсімдерді, нұсқаулық материалдар мен техникалық талаптарды әзірлеуге және қайта қарауға көмектесу болып табылады.
Сарапшылар тобының отырысында ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық жоспарын тиімді іске асыру, стандарттарды және 17-қосымшаның ұсынылатын практикасын сапалы енгізу, қауіпсіздікке байланысты персоналды даярлау деңгейін арттыру, өңірлік ынтымақтастық және әлеуетті арттыру, сондай-ақ ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі тексерулерінің әмбебап бағдарламасының рәсімдеріне енгізілетін инновациялар мәселелері қаралды.
Қазақстаннан келген делегация авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша Орталық Азия және Кавказ елдерімен өңірлік ынтымақтастықты дамыту тақырыбында жұмыс құжатымен сөз сөйледі. Сарапшылар тобы мен хатшылықты өңір елдері үшін үйлестіру тобын құру туралы хабардар етті. Жұмыс құжатын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Әзірбайжан және басқа да қатысушы елдердің сарапшылары қолдады.
Ресей Федерациясынан келген ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының тұрақты мүшесі - Владимир Чертокпен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі жанындағы авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жұмыс тобы шеңберіндегі қызметті жандандыру мәселелері талқыланды. Авиациялық қауіпсіздік саласындағы интеграциялық процестерді нығайту уағдаластығына қол жеткізілді. Қазақстаннан келген мамандарды ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты сарапшылар тобының құрамына енгізу рәсімдері айтылды, бастапқы іс-қимылдар әзірленді.
Сарапшылар тобы отырысының нәтижелері бойынша қорытындылары мен ұсыныстары бар қорытынды есеп жасалды, ол әрі қарай жұмыс істеу үшін ИКАО авиациялық қауіпсіздік комитетіне ұсынылатын болады.