17/11/2025
Алматыда «Әуежайлардағы, құрлықтағы және теңіз шекарасынан өтетін пункттердегі қауіпсіздік аудиті мен тексерулерінің халықаралық стандарттары» атты халықаралық симпозиум өтті. Оны Халықаралық көші-қон ұйымы Наиф Араб қауіпсіздік ғылымдары университетімен (NAUSS) бірлесіп, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Орталық Азия елдерінің сарапшылары қатысты.
Қатысушылар озық технологияларды енгізу, халықаралық аудит және тексеру стандарттарын жетілдіру және шекара қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 9 қосымшасының стандарттары мен ұсынылған тәжірибелеріне, атап айтқанда, API/PNR тетіктерін одан әрі дамыту арқылы көші-қонды басқаруды жақсартуға және Қазақстанда жол жүру құжаттарына қатысты ИКАО стандарттарын қолдану тәжірибесімен алмасуға ерекше назар аударылды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Формальдылықты оңайлату департаментінің аға авиация инспекторы Айнұр Өмірзақ «ИКАО авиациялық қауіпсіздігі мен жеңілдету аудитінің нәтижелері» атты баяндама жасады.
Сонымен қатар, Астанада ҚР Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясында «Ірі шекара өткелдері бар құрлыққа шығу жолы жоқ мемлекеттердегі қауіпсіздік мәселелерін шешу» атты оқу семинары өтті. Семинар барысында Формальдылықты оңайлату департаментінің авиация инспекторы Арайлым Әбілдинова «Авиациядағы тиімді ведомствоаралық ынтымақтастық: байланыс және ынтымақтастық стратегиялары» атты баяндама жасады.
Қазақстанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылған тәжірибелерін енгізу арқылы авиациялық қауіпсіздік пен формальдылықты оңайлатуды қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнама үнемі жетілдірілуде. Атап айтқанда, биылғы жылы жолаушылар ағыны миллионнан астам адам болатын еліміздің әуежайларында автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйелерінің болуына қойылатын талаптар енгізілді.
Бұл шаралар елдің халықаралық әуежайларындағы жалпы тиімділік пен қауіпсіздікті арттырады және көлік саласын цифрландыруға ықпал етеді. Мұндай жүйелерді енгізу халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді, және осындай жүйелер қазірдің өзінде БАӘ, Сингапур, Канада және Америка Құрама Штаттары сияқты т.б. елдерде кеңінен қолданылады.