Кіру

Басты бет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі

30/06/2026

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие.
Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде.
Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр.
Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.
Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді.
Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек.
Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды.
Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек.
Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде.
Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет.
Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз».

«Біз аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиа-отынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет.
Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді.
Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың арқасында мүмкін болды.
Әрине, Парламент тарапынан жасалған заңнамалық қолдау осы саланың қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабылданды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды.
Осындай нақты шараларды қабылдау арқылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады.
Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет. Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді.
Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек.
Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз.
Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де.
Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек».