17/07/2026
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел Астана қаласындағы Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering (AHKE) өндірістік алаңына барды
Сапар барысында қонақтар құрастыру және жөндеу учаскелерін, қойма кешенін, сондай-ақ Орталық Азия мен ТМД елдері үшін ұшқыштар мен инженерлік-техникалық персоналды (авиамеханиктер мен авионика мамандарын) даярлайтын оқу орталығын аралады.
Сонымен қатар, Майкл Дэниел H125, H130, H145 және EC145 тікұшақтарының ұшуға жарамдылығын қамтамасыз ету, жөндеу және техникалық қолдау қызметтерін жүзеге асыратын кәсіпорынның сервистік орталығының жұмысымен жан-жақты танысты.
Кәсіпорын өкілдері өңірдегі даму жоспарлары туралы айтып, Қазақстанда құрастыру өндірісін, сервистік қызмет көрсетуді және кадрлар даярлауды қамтитын заманауи тікұшақ экожүйесін қалыптастыру, сондай-ақ зауыттың өндірістік әлеуетін кеңейту бағытындағы жұмыстармен бөлісті.
Кездесу барысында реттеуші орган мен сертификатталған ұйым арасындағы ашық әрі сындарлы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға, тұрақты кәсіби диалог жүргізуге және тәжірибе алмасуға өзара қызығушылық білдірді.
Анықтама:
AHKE – бұрынғы Eurocopter Kazakhstan Engineering кәсіпорнының негізінде құрылған бірлескен кәсіпорын. Оның бақылау пакеті Airbus Helicopters компаниясына тиесілі. Бұл – Орталық Азиядағы Airbus компаниясының тікұшақтарды құрастыру, техникалық қызмет көрсету және авиация мамандарын даярлау бойынша қызметтердің толық циклін ұсынатын жалғыз кәсіпорны.