Кіру

Басты бет >
"Level of Service" тұжырымдамасы бойынша семинарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері қаралды

16/06/2023

Бүгін "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ бастамасымен IATA Consulting қолдауымен "Level of service" (LoS - қызмет көрсету деңгейі) семинары ұйымдастырылды.

Іс-шараға ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ, ҚР әуежайларының, отандық әуе компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Азаматтық авиация академиясының студенттері қатысты. Воркшоптың негізгі спикерлері Монреальдағы бас кеңседен Әуежайлар, жолаушыларды тасымалдау, әуе жүктері және авиациялық қауіпсіздік бағыттары бойынша IATA Consulting басшысы Юрген Реннер және Еуропалық аймақ бойынша IATA Consulting аға менеджері Алехандро Ривер Гила.

"Level of Service" воркшопы әуежайдың әртүрлі ресурстарын талдау болып табылады және әуежай инфрақұрылымының ағымдағы операциялар үшін қаншалықты оңтайландырылғанын және болашақ өсу үшін қолайлы екенін түсінуге мүмкіндік береді. Level of service тұжырымдамасында қызмет көрсету деңгейінің 4 анықтамасы бар (Over-design, Optimum, Sub-optimum, Under-provided). Әр деңгей белгілі бір көрсеткіштермен сипатталады және жолаушылар ағынына тікелей байланысты.

Сонымен қатар, "Level of Service" воркшопы кезек күту уақытын азайту, жолаушылар терминалын пайдалану кезінде жолаушыларды ресімдеу жөніндегі рәсімдерді орындаудың тиімділігін арттыру және экономикалық тиімді дамуды қамтамасыз ету үшін әуежайларға жетілдіру қажет бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.

LoS қазақстандық әуежайлар үшін рейстер санының жыл сайынғы ұлғаюы және жолаушылар ағынының өсуі жағдайында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартудағы жаңа тұжырымдама болып табылады.

Айта кету керек, алдағы екі жылда елдің авиациялық билігі аэровокзалдарда жолаушыларға қызмет көрсетуге байланысты нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарауды және жаңартуды, қажет болған жағдайда халықаралық стандарттарға сәйкес LoS тұжырымдамасының элементтерін енгізуді жоспарлап отыр.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Қазақстан Республикасындағы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының өкілдеріне С.Балонусковс және Р. Саринге Қазақстанның азаматтық авиация саласының өкілдері үшін семинар өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреді.