Кіру

Басты бет >
Конференция: «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі авиациялық медицинаның өзекті мәселелері»

01/11/2021

«Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі авиациялық медицинаның өзекті мәселелері» ІІІ Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн режимінде өтті. Конференцияға 100-ге жуық авиациялық медицина қызметкерлері, авиациялық медициналық орталықтардың дәрігерлері мен сарапшылары, әуе компаниялар мен әуежайлар дәрігерлері, әуе компаниялар қызметкерлері және көршілес елдерден: Ресей Федерациясынан, Молдова Республикасынан, Қырғыз Республикасынан медициналық медицина мамандары қатысты.

Шараның мақсаты - ұшуларды медициналық қамтамасыз етуде қатысушылар арасындағы диалогты кеңейту, Қазақстанның азаматтық авиациясында жолаушыларға медициналық көмек көрсету, медициналық куәландыру, медициналық қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-құқықтық реттеудің өзекті мәселелері мен проблемалары бойынша пікірталас ұйымдастыру, COVID-19 пандемиясы жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық қамтамасыз ету.

Конференцияға қатысушылар көршілес елдердегі авиациялық медициналық сарапшылардың жұмыс тәжірибесімен танысып, медициналық куәландыру және ұшу қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету ережелері бойынша білім деңгейін арттырды.

Шара аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры қазіргі пандемияның әуе көлігіне, әуе компанияларға, экипаждарға және авиациялық медицина мамандарына әсері туралы айтты. ИКАО ұсынымдарының негізінде азаматтық авиация саласын қолдау үшін медициналық сертификаттың қолданылу мерзімін ұзарту мәселесі бойынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бұйрығы шығарылды, әуе компаниялар мен әуежайларға коронавирустық инфекцияны таратпау кедергілері бойынша ұсынымдар шығарылды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің медициналық қызметкерлері CAPSCA Азаматтық авиацияда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы оқиғалардың алдын алу және оны басқару жөніндегі ынтымақтастық келісімінің отырысына белсенді қатысуда.

Конференцияда Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, Молдова Республикасының Азаматтық авиация органының, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігінің, қазақстандық әуе компаниялардың өкілдері, сондай-ақ авиациялық медициналық сарапшылар сөз сөйледі.

Баяндамаларда ұшулардың медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі медициналық тәуекелдерді басқарудағы сарапшының рөлі, әуе кемесінің бортында жолаушыларға медициналық көмекті ұйымдастыру және медициналық көмек көрсетудің әрбір кезеңіндегі талаптар, авиациядағы адами фактор мәселелері, медициналық куәландыру кезінде ЕАЅА талаптарын енгізу, авиациялық медицинаның негізгі проблемалары және оны шешу жолдары атап өтілді. Өзара әрекеттесу жолдары, әуежайлар мен әуе кемесінің бортындағы санитарлық жағдайды жақсарту, азаматтық авиацияда COVID-19 алдын алу бойынша практикалық кеңестер белгіленді.

Сонымен қатар, әуежайларда, әуе кемесінің бортында санитарлық нормаларды орындау мәселелері, тік ішек обырынан, коронарлық шунттаудан кейін сараптамалық шешімдер қабылдау мәселелері талқыланды. Нормативтік құқықтық актілерге, оның ішінде авиациялық медицина мәселелерін регламенттейтін толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша бірқатар іс-шаралар ұсынылды.