15/06/2026
Мемлекет басшысының Алатау қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған, құрамына Көлік вице-министрі Талғат Ластаев енген қазақстандық делегация Шэньчжэнь қаласында (Қытай Халық Республикасы) өткен «Alatau City Roadshow» халықаралық форумына қатысты.
Аталған іс-шара аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Alatau City» логистикалық және көліктік байланысы» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытудың стратегиялық бағыттарына және жаңа Алатау қаласының халықаралық маңызы бар болашақ көлік хабы ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударды.
Қазақстан Шығыс - Батыс, Солтүстік - Оңтүстік тоғысындағы негізгі бағыттарының қиылысында орналаса отырып, Еуразияның маңызды транзиттік буыны ретіндегі өз позициясын нығайтуды жалғастыруда. Ел аумағы арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді, ал 2025 жылы транзиттік тасымал көлемі өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артып, 39 млн тоннаға жетті.
Қазіргі уақытта ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда: ұзындығы 800 шақырым болатын жаңа теміржол желілерінің құрылысы, 2,6 мың шақырымнан астам теміржолды жаңғырту, сондай-ақ ұзындығы 3,3 мың шақырымнан асатын автомобиль транзит дәліздерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, шекарааралық тасымалды жеңілдететін цифрлық шешімдер енгізілуде.
«Alatau City» қаласын дамыту тұжырымдамасы терминалдық инфрақұрылымы мен индустриялық паркі бар көліктік-логистикалық хаб құруды, теміржол желісін дамытуды, сондай-ақ қаланы халықаралық көлік бағыттарына интеграциялауды көздейді.
Сондай-ақ, шара барысында авиация саласын дамыту және инновациялық көлік технологияларын енгізу, соның ішінде қалалық әуе ұтқырлығы, ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен тасымалдауды басқарудың цифрлық платформалары бойынша бастамалар ұсынылды.
Көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту және инновациялық технологияларды енгізу «Alatau City» қаласының заманауи халықаралық көліктік-логистикалық орталық ретінде қалыптасуына негіз болады.