17/11/2026
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Сенегал Республикасының Жерүсті және әуе көлігі министрі Абдул Ахад Ндиайемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы қазақстандық-сенегалдық ынтымақтастықты нығайту перспективаларын, сондай-ақ екі елдің авиациялық ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Талғат Ластаев Қазақстанның Африка елдерімен, оның ішінде Сенегал Республикасымен қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор екенін жеткізді.
Қазақстан тарапы Африка елдерімен және өңірлік авиациялық ұйымдармен, атап айтқанда Африка азаматтық авиация комиссиясымен (АФКАК) ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Сенегалмен әріптестікті дамыту Қазақстанның Батыс Африка елдерімен байланысын нығайтуға және халықаралық салалық ынтымақтастықты кеңейтуге маңызды негіз бола алатыны атап өтілді.
Осы орайда Талғат Ластаев Қазақстан тарапының азаматтық авиацияны дамыту тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін растады. Атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қадағалау, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, әуежай инфрақұрылымын дамыту, цифрландыру және авиация мамандарын даярлау бағыттарындағы тәжірибе ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сенегал арасында Әуе қатынасы туралы келісім жасасу бойынша жұмысты бастауға уағдаласты.