07/07/2020
Коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты Нұр-Сұлтан – Токио әуе бағыты бойынша субсидияланатын рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаражаттың бір бөлігін ішкі туристік бағыттар бойынша рейстерге 385,1 млн.теңге көлемінде қайта бөлу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты ішкі туристік бағыттарға тасымалдаулар сұранысын қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі субсидияланатын Нұр-Сұлтан – Балқаш, Нұр-Сұлтан – Үшарал және Алматы – Жезқазған бағыттарына қосымша байқау өткізді.
Байқауға қатысу үшін “SCAT”, “Qazaq Air”, “Южное небо” және “Жезқазған Эйр” әуе компаниялары тиісті өтінімдер берді.
Байқау қорытындысы бойынша барлық үш әуе бағыты бойынша “Qazaq Air” әуе компаниясы жеңімпаз болып анықталды. Әуекомпания келесі рейстерді орындайды: Нұр-Сұлтан – Балхаш бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен тарифі 9000 теңге (рейстер саны аптасына 10 рейске дейін артады), Нұр-Сұлтан – Үшарал бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен тарифі 16000 теңге (рейстер саны аптасына 11 рейске дейін артады), Алматы-Жезқазған бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілікпен тарифі 20000 теңге (рейстер саны аптасына 4 рейске дейін артады). Рейстер сыйымдылығы 76 орыннан 86 орынға дейін Bombardier әуе кемелерінде орындалатын болады.