Кіру

Басты бет
Каспий теңізі акваториясында іздестіру-құтқару бойынша үйлестіру жаттығулары Атырауда өтті

22/09/2025

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясында, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс, бірақ әуе қозғалысын ұйымдастыруға жауапты әуе кеңістігінде іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру және өткізу бойынша үйлестіру жаттығуларын өткізді.

Жаттығуға «Қазаэронавигация» РМК Іздестіру және құтқару бойынша үйлестіру орталығы, «Қазаэронавигация» РМК Атырау филиалының әуе қозғалысын басқару қызметі, ҚР ТЖМ стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы, «Каспиан Радио Сервисес» ЖШС, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мемлекеттік теңіз катері, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы ұсынған азаматтық теңіз кемесі және «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8АМТ іздестіру-құтқару тікұшағы, сондай-ақ әуе кемесінің бортында су айдындарында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу тәжірибесі бар Атырау қаласы ТЖД-ның арнайы дайындықтан өткен құтқарушылары қатысты.

Жаттығулардың жоспар-сценарийіне сәйкес кезекші күштер мен құралдарды, сондай-ақ мүдделі органдарды, ведомстволарды және тұлғаларды хабардар ету сызбасына сәйкес апаттық хабарландыру элементтері пысықталды. Сонымен қатар Каспий теңізі акваториясында шартты түрде апатқа ұшыраған тікұшақ экипажын іздестіру-құтқару операциясын жүргізу, су үстінде ұшулар мен құтқару кезінде іздестіру-құтқару қамтамасыз ету дағдыларын тексеру жүзеге асырылды. Одан бөлек, іздестіру-құтқару тікұшағы экипажының құтқарушыларды тікұшақтың ілулі күйінде көтеріп-түсіруге арналған арқанды жүк жүйесімен жұмысы, теңізде зардап шеккендерді құтқарушылардың құтқару элементтері және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің теңіз күштері арқылы зардап шеккендерді құтқару әрекеттері орындалды.

Іздестіру және құтқару қызметтері жүргізген жаттығулар теңізде зардап шеккендерді іздеу мен эвакуациялаудың тиімді әдістерін әзірлеуге бағытталды. Жаттығу барысында Атырау облысы ТЖД құтқарушылары бар тікұшақ және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің катері қолданылды. Үйлестірілген күш-жігердің арқасында Каспий теңізіндегі іздестіру-құтқару операциясы үш сағаттың ішінде сәтті аяқталды.

Жаттығулардың нәтижелері барлық қатысушы күштер мен құралдардың өзара іс-қимылының тиімділігін, сондай-ақ жоғары дайындық деңгейін сақтау үшін мұндай жаттығуларды жүйелі түрде өткізу қажеттілігін айқындады.

Мұндай жаттығулар Каспий теңізі акваториясымен бірге, бүкіл ел аумағында авиациялық оқиғаларға жедел ден қоюды қамтамасыз ететін ұшу қауіпсіздігін іздестіру-құтқару қамтамасыз етудің ұлттық жүйесінің маңызды элементі болып табылады.