Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
Басты бет
Кадрлар – қауіпсіздіктің негізі. Әуежайдағы 5 минуттық тексерістің артында не жатыр?

01/10/2026

Заманауи авиациялық қауіпсіздік технологиялармен қатар қарқынды дамып келеді. Жасанды интеллект, биометрия, автоматтандырылған бақылау жүйелері, талдау құралдары және басқа да цифрлық шешімдер жолаушыларды, әуе кемелерін, әуежайлар мен авиациялық инфрақұрылымды қорғаудың маңызды бөлігіне айналуда.

Қауіпсіздік жабдықтан емес, білікті маманнан басталады. Азаматтық авиацияда мұндай мамандардың бірі – жолаушылар мен олардың багажын тексеру желісінде тексеру жүргізетін авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері. Әдетте, олар қауіп-қатерді анықтай алатын, тәуекелді дұрыс бағалайтын және қажетті сәтте тиісті шешім қабылдайтын жоғары білікті мамандар.

Әрбір жүйенің артында оны әзірлейтін, баптайтын, бақылайтын және, ең бастысы, стандарттан тыс жағдайларда шешім қабылдайтын мамандар тұр.

Жолаушы үшін тексеру қол жүгін көрсету және металл іздегіш жақтаудан өту сияқты қарапайым әрекеттерден тұратындай көрінуі мүмкін және оған бар болғаны 5 минут кетуі ықтимал. Алайда осы бірнеше минуттың ішінде тұтас бір мамандар тобының үйлесімді жұмысы жүзеге асырылады.

Бір қызметкер экрандағы кескінді бақылайды, екіншісі багажды тексереді, үшіншісі жолаушылар ағынын бақылайды, төртіншісі қосымша тексеру рәсімдерінің қажеттілігі туралы шешім қабылдайды. Бірлесе отырып, олар бірнеше деңгейлі бақылау жүйесін қалыптастырады. Жолаушы бұл бақылаудың барлығынан әдетте бірнеше минут ішінде өтеді, ал әр маманның өз жауапкершілік аймағы бар.

20 минут ережесі.

Рентгендік тексеру жабдығының операторына қатысты қызықты талап бар. Ол монитор алдында сағаттап отырып, экранға үздіксіз қарай алмайды. ИКАО құжаттарында экранмен үздіксіз жұмыс істеу уақытына 20 минуттық шектеу белгіленген. Осы уақыттан кейін операторды әріптесі алмастырады, ал өзі тексеру желісіндегі басқа функцияға ауысады. Біраз уақыттан кейін ол жұмыс орнына назарын жаңартып, қайта оралады.

Мамандықтың тағы бір маңызды бөлігі – қолмен тексеру. Егер багаж қосымша тексеруге жіберілсе, маман сигналдың себебін сабырлы әрі жүйелі түрде анықтауы тиіс. Ол тексеруді «көзбен шамалап» емес, белгіленген рәсімдерге сәйкес жүргізеді.

Жолаушылармен жұмыс істеу кезінде де осы қағидат маңызды: белгіленген рәсімдерді сақтау, дұрыс әрі сыпайы қарым-қатынас жасау және сонымен қатар қауіпсіздікке деген назарды жоғалтпау қажет.

Қызықты мамандықтардың қатарында профайлинг мамандары да бар. Олар «күдікті жолаушыларды» іздемейді. Олар адамның мінез-құлқындағы белгілерге, яғни мінез-құлық үлгісінің өзгеруіне, стандартты сұрақтарға реакциясына, қарым-қатынас ерекшеліктеріне, қимыл-қозғалысына және басқа да вербалды емес сигналдарға назар аударады.

Бұл ретте бір ғана қимыл немесе көзқарас ешқашан қауіптің дәлелі болып саналмайды. Белгілердің жиынтығы және жағдайға кәсіби баға беру маңызды. Ол үшін мамандар арнайы дайындықтан өтіп, түрлі сценарийлер бойынша сағаттап жаттығады.

Басқаша айтқанда, авиациялық қауіпсіздік инспекторы – назарын кәсіби деңгейде жаттықтырған, адами факторлардың барлығын ескеретін маман. Оның орнын ешқандай технология толық алмастыра алмайды.

Ірі әуежайдағы бір бақылау аймағының тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 12–15 қызметкер қажет болуы мүмкін. Бұл ретте жолаушылар саны, рейстер кестесі, тәулік ішіндегі жолаушылар ағыны, багаж көлемі және жабдықтың өткізу қабілеті ескеріледі.

Бір тексеру желісіндегі бес қызметкер – жалпы жүйенің бір бөлігі ғана. Сол уақытта багажбен, бақыланатын аймақтарға кіруді бақылаумен, патрульдеумен, бейнебақылаумен, ден қою шараларымен, құжаттамамен, оқытумен және басқа да бағыттармен айналысатын қызметкерлер жұмыс істейді.

Технологияларға сүйене отырып, авиациялық қауіпсіздіктің «көрінбейтін армиясы» азаматтық авиацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты кадрлық әлеуетті, практикалық құзыреттерді және қауіпсіздік мәдениетін дамытуға Астанада ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында өтетін «Қауіпсіздік – бұл адамдар: кадрлар, құзыреттер және мәдениет» сессиясы арналады.

Бұл іс-шара Қазақстанда және ТМД елдерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) ұйымдастыратын әлемдік деңгейдегі алғашқы ірі іс-шара ретінде тарихта қалмақ.

Астана белгілі бір уақыт аралығында авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық орталығына айналып, болашақтағы қауіпсіздіктің мақсаттары мен міндеттері талқыланады. Атап айтқанда, технологиялар барған сайын ақылды бола түскен әлемде қандай білім, дағдылар және кәсіби мәдениет қажет болатыны сөз болады. Бұл ретте адамның жауапкершілігі шешуші фактор болып қала береді.

ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығының бағдарламасы және тіркелу:

https://caa.gov.kz/kz/aviation-security-week