27/11/2025
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) басқарушы органы – ИКАО Кеңесінің Президенті лауазымына Жапония өкілі Тошиюки Онума сайланды. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мерзімге қызметіне кіріседі. Бұл қызметті 2020 жылдан бері екі мерзім қатар атқарған қазіргі Кеңес Президенті Сальваторе Шаккитаноны алмастырады. «Кеңес Президенті 193 мүше мемлекетті біздің ортақ мақсатымыз – 2050 жылға қарай нөлдік өлім-жітім және көміртегі шығарындылары жоқ әуе көлігі жүйесін қалыптастыру жолында біріктіруде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ бұл лауазым ынтымақтастықты, инновацияларды және осы көріністі жүзеге асыруға қажет таланттарды дамытуға бағытталған», – деді Сальваторе Шаккитано жаңадан сайланған Президентті құттықтап.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы шілде айында ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано тарихта алғаш рет Қазақстан Республикасына ресми сапар жасаған болатын. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен авиациялық билігі Тошиюки Онума мырзаны ИКАО Кеңесінің Президенті қызметіне сайлануымен құттықтап, халықаралық азаматтық авиацияның дамуына табысты еңбек тілейді. Сондай-ақ Сальваторе Шаккитано мырзаға ұзақ мерзімді ынтымақтастығы, қолдауы және жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғыс білдіреміз.
Анықтама үшін: Тошиюки Онума – ИКАО Кеңесіндегі Жапония өкілі. 20 жылдан астам тәжірибесі бар ол азаматтық авиация саласындағы ұлттық және халықаралық саясатты, оның ішінде декарбонизация бойынша бастамаларды қалыптастыруға жетекшілік етті. Тошиюки Онума Жапония Азаматтық авиация бюросының (JCAB) бірінші бас директордың орынбасары, халықаралық авиация жөніндегі вице-министрдің көмекшісі сияқты басшылық лауазымдарды атқарған. Токио университетінің құқық бакалавры дәрежесіне және Пенсильвания университетінің құқық магистрі дәрежесіне ие.