Кіру

Басты бет
ИКАО Ассамблеясының 42-ші сессиясының Техникалық комиссиясының қарауына Қазақстан 18 жұмыс мен 4 ақпараттық құжатты ұсынды

03/10/2025

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 42-ші сессиясы шеңберінде Техникалық комиссия ұшу қауіпсіздігі және аэронавигация саласындағы басым бастамаларды қарады.

Қазақстан Комиссияның қарауына 18 жұмыс және 4 ақпараттық құжатты ұсынды. Олармен отырысқа қатысушыларды делегация басшысы, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері – ұшу қауіпсіздігі жөніндегі атқарушы директор Аслан Сатжанов, авиациялық қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директор Жәнібек Шәріпбаев, ұшу қауіпсіздігі, стратегия, стандарттау және үйлестіру жөніндегі басқарушы директор Жанат Әбдіғалимов, ұшуды пайдалану департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Зия Ул Кабир Чоудхури Мд таныстырды.

Бастамалар әуеайлақ инспекторларының, ұшқышсыз ұшу аппараттарының, ұшқыштарды лицензиялау, әуе қозғалысын басқару диспетчерлері мен әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі инженерлердің ұшу жарамдылығы, ИКАО-ның даярлығы мен құзыреті, жасанды интеллектті пайдалану, оқу орталықтарын сертификаттау, борттағы жолаушылардың денсаулығына байланысты төтенше жағдайларды басқару және т.б. мәселелерін қозғайды.

Атап айтқанда, «Аэродромның қауіпсіздігін бақылау үшін жасанды интеллектті пайдалану бойынша ИКАО-ның Нұсқаулық ұсынымдарын әзірлеу» жұмыс құжатын енгізу бөгде заттарды табу, ұшу-қону жолағының жай-күйін талдау және интеллектуалды бейнебақылау үшін жасанды интеллектті қауіпсіз қолдануға мүмкіндік береді. Алайда, әзірге бірыңғай ережелердің болмауы инновацияны тиімді енгізуді қиындатады.

«Ұшудағы жолаушылар денсаулығына қатысты төтенше жағдайларға ден қоюдың жаһандық стандарттары: әуе компаниялар мен денсаулық сақтауды интеграциялау» құжаты да қазақстандық бастамалар пакетінің маңызды бөлігі болып табылады. Біз кабинаның шектеулеріне, экипаждың дайындық деңгейіне және жердегі медициналық қызметтермен келісілген процедуралардың болмауына байланысты ерекше тәсілді қажет ететін ұшақ бортындағы Төтенше жағдайлар туралы айтып отырмыз. Қазіргі уақытта мұндай жағдайларға ИКАО-ның бірыңғай жаһандық жауап беру жүйесі жоқ. Қазақстан экипажды оқыту, ұшақтарды медициналық жиынтықтармен жарақтандыру, телемедицинаны пайдалану және әуежайлардың медициналық қызметтерімен өзара іс-қимыл бойынша ұсынымдар әзірлеуді ұсынады.

«Персонал лицензияларының және оқу орталықтарының сертификаттарының жаһандық дерекқорын құру» – бұл құжатта авиациялық персонал лицензияларының және оқу орталықтарының сертификаттарының жаһандық дерекқорын құру ұсынылады, бұл халықаралық ынтымақтастықты жеңілдете отырып, әртүрлі елдердің ұшқыштары мен мамандарының біліктілігін бірыңғай жүйеде тексеруге мүмкіндік береді.

Қазақстан көтерген тағы бір маңызды мәселе – авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерінің психикалық денсаулығы. «Авиациялық қауіпсіздік персоналының психикалық денсаулығына қауіп-қатерді бағалау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу» құжаты ИКАО авиациялық қауіпсіздік жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін скринингті, тұрақты тексерулерді және стрессті азайту бағдарламаларын қоса алғанда, қызметкерлердің психикалық денсаулығын бақылау, қолдау және бағалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынады. Айта кетейік, қазір мұндай қызметкерлердің психикалық жағдайын бағалаудың бірыңғай халықаралық стандарттары жоқ.

Қазақстанның авиациялық бастамалары ұшу қауіпсіздігін күшейтуге, аэронавигация тиімділігін арттыруға және стандарттардың жаһандық интероперабельділігіне бағытталған. Бұл шешімдер инспекторларды даярлау мен персоналды лицензиялаудан бастап ұшқышсыз авиациялық жүйелерді біріктіруге және қауіпсіздікті бақылауда жасанды интеллектті қолдануға дейінгі нақты олқылықтарды жабады. Оларды енгізу халықаралық операцияларды сенімдірек, болжамды және клиентке бағытталған ғып етеді.

Қазақстандық авиациялық билік алдағы үш жылдық кезеңге ИКАО-ға мүше мемлекеттермен және бейінді органдармен бірлесіп бастамаларды тәжірибелік пысықтауға және пилоттауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Мақұлданған шешімдер алдағы үш жылда әлемдік азаматтық авиацияның күн тәртібін анықтайтын ИКАО-ның Жол карталары мен ұсыныстарының негізін құрайды деп күтілуде.