Кіру

Басты бет
ИКАО Ассамблеясының 42-сессиясы шеңберінде Қазақстан Атқарушы комитет отырысында 7 жұмыс және 4 ақпараттық құжат ұсынды

03/10/2025

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 42-сессиясы аясында Қазақстан өкілдері Атқарушы комитет отырысына қатысты.

Азаматтық авиацияға төнетін өзгермелі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, қақтығыс аймақтары, авиациялық киберқауіпсіздік, ИКАО аудиттерін құқықтық қадағалау, жолаушыларды сәйкестендіру, цифрлық құжаттар мен Қазақстанда электрондық визаны пайдалану, сондай-ақ Қазақстанда ТС-1 жанармайын тұрақты авиациялық отын түрлерімен (SAF) интеграциялау үшін халықаралық сертификаттау стандарттарын енгізу мәселелеріне қатысты жұмыс құжаттары ұсынылды.

Атап айтқанда, Қазақстан техникалық көмек, кадр даярлау ресурстары және әлеуетті арттыруға қолдау көрсету туралы ақпарат алмасуды кеңейтуге бағытталған, ИКАО үйлестіретін қорғалған деректер базасы платформасын әзірлеуді ұсынады. Бұл жүйе мемлекеттерге қай жерде көмек қажет немесе қандай көмек ұсынылуы мүмкін екенін айқындауға жәрдемдесетін стратегиялық құралға айналады деп болжануда. Ол өз кезегінде сараптамалық қолдау, кадр даярлау мүмкіндіктері және бірлескен бастамаларды уақтылы үйлестіруге жол ашады.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтық авиацияда пайдалану үшін ТС-1 маркалы отынды тұрақты өндірілетін авиациялық отын түрлерімен (SAF) араластыруға арналған сертификаттау стандарттарын әзірлеуді ұсынады. ТС-1 – негізінен өңірде қолданылатын реактивті отын түрі, алайда оны SAF-пен араластырудың ИКАО мойындаған хаттамасы жоқ. Мұндай стандарттарды әзірлеу өңірдегі декарбонизация процесін ілгерілету, пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанға өзінің қызметін жаһандық тұрақты даму мақсаттарымен үйлестіруге мүмкіндік беру үшін қажет деп болжануда.

Тағы бір жұмыс құжаты құқықтық мәселелерге қатысты. Қазақстандық мамандар тексеру топтарының құрамына заңгерлер мен авиациялық құқық саласындағы сарапшыларды қосуды ұсынады, бұл ИКАО тексерулерінің әдістемесін жетілдіруге мүмкіндік береді. ИКАО-ға мүше мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің әртүрлілігін ескере отырып, мұндай шешім ұлттық авиациялық заңдарды және олардың орындалуын қамтамасыз ету құрылымдарын түсіндіруге ықпал ете алады. Авиация саласының заңгерлері толық бағалау жүргізуге, мемлекеттермен диалогты нығайтуға және тиімді құқықтық бақылау мүмкіндіктерін ұзақ мерзімді дамытуға жәрдемдесе алады.

Сонымен қатар, Қазақстан отырыс барысында ақпараттық құжаттар ұсынды. Олардың қатарында жолаушыларды сәйкестендіру жүйесін дамыту, цифрлық құжаттар мен электрондық визаларды пайдалану мақсатында Қазақстан қабылдаған шаралар туралы материалдар бар.

Қазақстанның бастамалары, оның ішінде eGov Mobile арқылы цифрлық жеке куәліктерді енгізу және электрондық визаларды беру шекаралық бақылау жүйелерін нығайтуға, жолаушыларды тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуге және ИКАО-ның TRIP жаһандық стратегиясына сәйкес жол жүру құжаттарының шекара арқылы өзара үйлесімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстанда жолаушылар үшін қолжетімділікті арттыру және қозғалысы шектеулі адамдарға көрсетілетін қызметтерді жақсарту бойынша қабылданған шаралар туралы құжат ұсынылды.

Отырыс қатысушыларына әуежайларды экологиялық тұрғыдан тиімді пайдалану мен басқаруға бағытталған ИКАО-ның «Жасыл әуежайлар» бастамасын қолдау бойынша Қазақстанның атқарған іс-қимылдары туралы ақпарат берілді. Қазақстан авиацияның қоршаған ортаға әсерін азайтатын шараларды енгізуде. Бұл әуежайлардың тұрақты дамуына және авиация саласындағы экологиялық стандарттарды жақсартуға ықпал етеді.

Атқарушы комитетке құжаттар топтамасын ұсына отырып, Қазақстан ИКАО-ның жаһандық күн тәртібіндегі ұшу қауіпсіздігі мен киберқауіпсіздіктен бастап цифрлық сәйкестендіруге және декарбонизацияға дейінгі белсенді қозғаушы ретіндегі рөлін растады. Ұсынылған бастамалар талқылауды теориядан практикаға ауыстырып, алдағы үш жыл ішінде ұшу қауіпсіздігін арттыруға, сапарларды жеңілдетуге және өңір мен әлемде авиацияның «жасыл» трансформациясын жеделдетуге қабілетті құралдарды, стандарттар мен үйлестіру тетіктерін қалыптастырады.