Кіру

Басты бет
ICAO Кеңесінің Президенті Қазақстанның авиациялық билігі жұмысының жоғары деңгейін атап өтті 

09/07/2025


Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында ICAO Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне барып, ұйымның қызметімен танысты.
Кездесуге ICAO Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросының (EUR/NAT) директоры Николас Ралло, ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, ICAO жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің (ҚАӘ) басшылығы мен ұжымы қатысты.
Сальваторе Шаккитано өз сөзінде Қазақстан Орталық Азияда жоғары стандарттарды енгізе отырып, өзінің азаматтық авиация жүйесін қалыптастыруда әсерлі жетістіктерге жеткенін атап өтті.
2019 жылы құрылған сәттен бастап азаматтық авиацияны реттеудің еуропалық моделіне бағдарланған ҚАӘ ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның авиация саласына бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Бұл реттеу моделін ICAO сарапшылары мен Еуропалық комиссия жоғары бағалады.
ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанның азаматтық авиациясының жетістіктері елдің авиациялық билігінің авиация саласының қызметін реттеу жөніндегі тиімді жұмысының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Бұл процесте әуе көлігінің қауіпсіздігін стандарттау мен жақсартуға бағытталған халықаралық және ұлттық бастамалар маңызды рөл атқарды.
«Қазақстан мен ICAO арасындағы серіктестік елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қазақстан барлық жұмыс бағыттары бойынша белсенді қолдау көрсетіп, көрші мемлекеттермен өз тәжірибесімен бөлісе отырып, біздің өңірлік бастамаларымыздың маңызды қатысушысы болып табылады. Ағымдағы сапар барысында мен Қазақстанның ортақ мақсаттарымызға берік адалдығына тағы да көз жеткіздім», – деп атап өтті кездесу қорытындысы бойынша ICAO Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұжымына одан әрі кәсіби табыс тіледі.