09/07/2025
Алматы қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано, ICAO Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EUR/NAT) өңірлік директоры Николас Ралло, ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, ICAO жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов Қазақстанның авиация саласының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Алғашқы нысан Алматы халықаралық әуежайы болды. Қонақтар әуежайдың жаңа терминалымен танысып, Алматы әуежайының жаңартылған әуежай операцияларын басқару орталығына (ЦУОА) және тарихы мен дамуына арналған авиация мұражайына барды.
Ресми кездесу барысында тараптар азаматтық авиацияны дамыту саласындағы ынтымақтастықты, атап айтқанда инфрақұрылымды жаңғырту, орнықты даму, экологиялық басымдықтар және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін енгізу мәселелерін талқылады. Сальваторе Шаккитано Алматы халықаралық әуежайының халықаралық стандарттарға сәйкес тұрақты дамуға деген ұмтылысын жоғары бағалап, әуежайдың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық жауапты шешімдерді енгізу саласындағы жетістіктерін, сондай-ақ авиация саласында гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған бастамаларды ерекше атап өтті.
Азаматтық авиация академиясына барған кезде ICAO Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттерімен ICAO-ның авиация саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі, әртүрлілік пен инклюзивтіліктің қажеттілігі туралы көзқарасымен бөлісті.
«Қазіргі уақытта авиация секторы жылдам технологиялық инновацияларға, тұрақтылыққа көбірек көңіл бөлуге, білікті қызметкерлердің жетіспеушілігіне және әртүрлілік пен инклюзивтіліктің қажеттілігіне байланысты айтарлықтай қиындықтарына тап болуда. Осыған байланысты ICAO «Авиациядағы жаңа ұрпақ» бағдарламасын іске қосты, ол мемлекеттік және аймақтық деңгейде жастарды, жас мамандарды салаға тартуға бағытталған. Есіңізде болсын, сіздер әлемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысасыз, адамдарды, мәдениетті, елдерді байланыстыратын боласыз. Сізге үлкен табыс тілеймін!",- деді ICAO Кеңесінің басшысы Академия студенттеріне.
Авиациялық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесін ескере отырып, ICAO Президенті Сальваторе Шаккитано мен ICAO Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EUR/NAT) аймақтық директоры Николас Раллоға «Азаматтық авиация академиясының құрметті профессоры» атағы берілді.
Сапар барысында «Air Astana» әуе компаниясының президенті Питер Фостермен кездесу өтті. Air Astana – Азияның жетекші әуе компаниясы, көптеген беделді халықаралық сыйлықтар мен марапаттардың иегері, қауіпсіздіктің, сенімділіктің және қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейі үшін танылды.
Питер Фостердің айтуынша, әлеуетті серіктестер үшін әуе компанияның құндылығын білдіретін негізгі факторлары: болжамды елеулі экономикалық өсімі бар Орталық Азия нарығындағы үстемділігі; Қытайдағы, Үндістандағы, Парсы шығанағы елдеріндегі, Еуропадағы және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі нарықтарға қол жеткізу; соңғы буын ұшақтарына баса назар аудара отырып, жаңартылған әуе кемелері паркі; қаржылық тұрақтылық, пайдалану тиімділігі және қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі.
Кездесу барысында азаматтық авиацияны дамытудың, маршруттық желіні кеңейтудің, тұрақты технологияларды енгізудің, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтудың негізгі мәселелері талқыланды. Авиациялық персоналды даярлау және халықаралық ұйымдармен одан әрі ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан халықаралық стандарттар мен ICAO үздік тәжірибесін дәйекті түрде енгізе отырып, жаһандық авиациялық жүйеге жаңғырту және интеграциялау бағытын ұдайы ұстанады.
Кездесуде тараптар ұшу қауіпсіздігін және авиацияның орнықты дамуын арттыруға бағытталған ICAO жаһандық стратегиясы аясындағы ортақ мақсаттарға адалдықтарын растады.
«ICAO Кеңесінің президенті ретінде, прогрессивті елге, Қазақстанға, азаматтық авиация секторындағы қарқынды дамуы үшін, тиімді саясатты әзірлегені, стандарттарды енгізгені және біздің ортақ мақсаттарымызға, ICAO мақсаттарына адалдығы үшін өз ризашылығымды білдіргім келеді. Саладағы гендерлік теңдік те өте маңызды. 2030 жылға қарай біз авиациядағы әйелдердің өсу пайызын арттыруымыз керек. Қазақстанның жетістіктерінің бірі – авиация секторындағы әйелдердің көбеюі – бұл өте күшті индикатор», - деп атап өтті ICAO Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанға сапары барысында.