01/10/2025
ИКАО Ассамблеясының 42-сессиясы аясында ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) әкімшісінің орынбасары Крис Рошеломен жұмыс кездесуін өткізді.
Тараптар Қазақстан тарапынан ұшу қауіпсіздігіне қадағалау жүйесін халықаралық талаптарға сәйкестендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға және Қазақстанда алдағы IASA FAA аудитіне дайындық шеңберінде, авиациялық билік органдарының одан әрі техникалық ынтымақтастығы мен 1-санатты алуға қатысты мәселелеріне оң баға берді.
Салтанат Томпиева FAA-мен серіктестіктің маңыздылығын және оның үздік әлемдік тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті: «Біз тұрақты ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Бұл ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті арттыруға және авиация саласын аймақтық әрі жаһандық деңгейде дамытуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Крис Рошело Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы жетістіктерін атап өтіп, әсіресе техникалық реттеу және ИКАО стандарттарына сәйкестік саласында бірлескен жұмыстың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында екі елдің авиациялық билік өкілдері кадрларды дамыту: инспекторлар мен оқыс оқиғаларды тергеу мамандарына арналған тренингтер мен тағылымдамалар мәселелерін талқылады.