Кіру

Басты бет >
Еуропалық комиссиямен ұшу қауіпсіздігі және әуе қатынасын кеңейту бойынша кездесулер өткізілді

14/10/2023


Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің қатысуымен ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті мен "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ делегациясы Еуропалық Комиссияның, Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) және Еуропалық одаққа мүше елдердің (Ирландия, Кипр) авиациялық биліктерінің өкілдерімен ұшу қауіпсіздігі және Көлденең келісім мәселелері бойынша кездесу өткізді. Қазақстан тарапынан делегацияны ҚР КМ Aзаматтық авиация комитеті төрағасы Талғат Ластаев пен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду басқарды.

Кездесу барысында ҚР КМ Aзаматтық авиация комитеті төрағасы Талғат Ластаев және қазақстандық делегация мүшелері өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Сараптамалық деңгейіндегі кездесу ұшуды пайдалану, ұшуға жарамдылық, авиация персоналын лицензиялау, сапа менеджменті жүйесі және ұшу қауіпсіздігін басқару бағыттары бойынша өткізілді.

Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Питер Бомбей Қазақстанның авиациялық билік орындарының ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша бұрын анықталған бақылаулар мен ұсынымдарды жою бойынша қабылданып жатқан шараларына оң баға беріп, жұмысты күшейту қажет бағыттарды атап өтті. Aзаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Еуропалық Комиссия өкілдерімен тығыз өзара іс-қимылы Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін жалғастырылатын болады.

Айта кету керек, қазіргі уақытта қазақстандық әуе компанияларға қатысты Еуропалық Одақ елдеріне тұрақты рейстерді орындауына шектеулер жоқ, осыған байланысты "Эйр Астана" және "SCAT" әуе компаниялары Еуропа елдеріне тұрақты рейстерді орындауға құқылы.

Сондай-ақ, Еуропалық Комиссия дирекциясы басшысының орынбасары Клаус Гейл мырзамен кездесу өткізіліп, оның барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Әуе қатынасы туралы көлденең келісімнің жобасы талқыланды. Тараптар Келісім жобасын келісу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ілгерілеуін атап өтті және оған қол қою жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Көлденең келісімге қол қою Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде туристік, мәдени, экономикалық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.