Кіру

Басты бет >
Еуропалық комиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың жақсарғанын атап өтті

07/06/2021

Ағымдағы жылдың наурыз айында Еуропалық Комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетінің Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің қызметі тыңдалуы өтті. Кездесу барысында Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін қадағалау жағдайы, сондай-ақ елімізде сертификатталған әуе тасымалдаушылардың жағдайы егжей-тегжейлі қаралды.   

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс және Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев толық есеп берді, оны қарау қорытындысы бойынша Еуропалық комиссия бүгінгі күні қазақстандық әуе компанияларды Еуропалық Одаққа ұшуға тыйым салынған әуе тасымалдаушылар тізіміне (“қара тізім”) енгізу үшін негіз жоқ деп шешім қабылдады. Бұл көрсеткішке алдыңғы қатарлы елдердің басқару моделіне негізделген азаматтық авиация саласын реттеудің жаңа тәсілін енгізу және Қазақстанның авиациялық билік орындарының жүргізген жүйелі жұмыс нәтижесінде қол жеткізілді. Еуропалық комиссияның Қазақстанның авиациялық билік орындарына наразылықтары жоқ және сарапшылардың Бек эйр әуе апатынан кейін және ұшу қауіпсіздігіне күмән келтіретін басқа жағдайларға алаңдаушылық білдіргенімен, қара тізімге ену мүмкіндігі барынша азайтылды. Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылғы тыңдау қорытындысы бойынша Еурокомиссия қазақстандық әуе тасымалдаушыларды “қара тізімге” енгізу туралы шешім қабылдады.

Мобилділік және көлік жөніндегі Еуропалық комиссияның бас дирекциясы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысына ресми хатында: “Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті ұшу қауіпсіздігі саласында анықталған кемшіліктерді жоюда Қазақстанның авиациялық билігінің қол жеткізген прогресін атап өтеді. Бұл кеңес сындарлы болды және ұсынылған ақпарат ұшу қауіпсіздігін бақылауды үнемі жақсарту үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Азаматтық авиация комитеті халықаралық стандарттарды енгізуге және сақталуын қамтамасыз етуге бейілділігін көрсетті”.

Авиациялық әкімшілік Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін қадағалауды жақсарту үшін қабылданған шараларды, соның ішінде қадағалау бойынша қызметті шолуды, техникалық персоналды жалдауға және оқытуға қатысты жоспарларды, сондай-ақ Қазақстанда сертификатталған кейбір әуе тасымалдаушыларға қатысты қабылданған құқық қолдану шараларын ұсынды. Тұрақты жетілдіру саясатын, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау жүйесін дамыту жөніндегі маңызды жұмысты одан әрі жүзеге асыруға бейілділік атап өтілді. Сондай-ақ, авиация туралы жаңа заңның қабылдануын және ұлттық заңнамаға тиісті түзетулерді қоса алғанда, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің 2021-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясы ұсынылды.

Еуропалық комиссия Қазақстанның елдегі ұшу қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға бағытталған елеулі күш-жігер мен дәйекті өзгерістер қабылдағаны туралы қорытынды жасады. Қазақстанның бүгінгі күні қол жеткізген прогресін мойындай отырып, Комиссия жағдайдың одан әрі дамуына мониторинг пен бағалауды жалғастырады. Осы тұрғыда комиссия жергілікті жерлерде бағалау мақсатында EASA және ЕО-ға мүше мемлекеттердің көмегімен Қазақстанға шолу сапарын өткізуге ниеттенеді.

Еуропалық комиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі жағдайын одан әрі жақсарту мәселелерінде авиация биліктерімен тығыз ынтымақтасуға дайын екендігін білдірді, сонымен қатар саяхаттаушы азаматтар үшін ұшу қауіпсіздігі бойынша кез келген ықтимал тәуекелдер бақыланатынына кепілдік берді.