18/06/2025
Euronews әлемнің 160 елін, 400 млн-нан астам адамды, тәулігіне 24 сағатты қамтитын, негізгі әлемдік оқиғалар мен трендтерді жариялайтын жетекші жаңалықтар жаршысы.
«East-West Connect» бағдарламасында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев еліміздің әуе инфрақұрылымын жаңғырту, маршруттар желісін кеңейту және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық қадамдары және Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі өз ұстанымын қалай сенімді түрде нығайтып жатқаны туралы айтты.
Атап айтқанда, соңғы бес жылда Қазақстанның азаматтық авиациясы жылына 10-15% өсім көрсетті. Авиациялық инфрақұрылым белсенді дамып келеді, жаңа халықаралық терминалдар салынды. Алматы әуежайы – Орталық Азиядағы ең ірі әуежай, оны дамытуға TAV Group 302 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Перспективалы жоба – Ақтау әуежайы, оны дамытуға да инвестор бір миллиард доллардан астам қаражат жұмсайтын болады.
Талғат Ластаевтың айтуынша, еліміздің авиация саласы ауқымды трансформацияның қарсаңында. Алдағы жылдары оның көлемі кем дегенде үш есе өседі. Бұл ретте цифрландыруға, озық технологияларды енгізуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше мән берілмек. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тасымалдау сегментінде аймақтағы негізгі авиациялық хабқа айналады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданатын жобаларды әзірлеуге және әуе таксилерін шығаруға зор мүмкіндіктер бар, бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдік авиация картасындағы орнын нығайтады.
Бағдарламаға сондай-ақ аймақтық нарық көшбасшыларының бірі, қор биржасында тіркелген Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз ұлттық әуе компаниясы Air Astana президенті Питер Фостер қатысты. Ол компанияның табысы шығындарды бақылауға, қызмет көрсетудің жоғары деңгейіне және қауіпсіздік стандарттарын сақтауға негізделгенін атап өтті. Air Astana халықаралық серіктестікті белсенді дамытып, сыртқы нарықтардағы қатысуын кеңейтуде.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов өз сөзінде Қазақстанда 70-тен астам бағытты қамтитын маршруттық желі бар екенін және Air Astana өңірдегі экономикалық өсудің катализаторы екенін атап өтті. Сонымен қатар, Нұрлан Жақыпов ел нарығында шетелдік лоукостерлердің пайда болғаны туралы хабарлады, олардың ішінде үнділік Spice Jet, оңтүстік кореялық Eastar Jet және Tway Air, тайлық AirAsia X бар. Ірі авиациялық жобаларды бақылауды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырады.