Кіру

Басты бет
Ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін әуе көлігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңес

10/02/2025

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін әуе көлігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оған мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдар, қазақстандық әуекомпаниялар, әуежайлар өкілдері қатысты.

Кеңесте қауіпсіз қызмет көрсету, дұрыс терминология және этика мәселелері бойынша персоналды даярлау, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдармен қарым-қатынастың базалық дағдылары, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға және олармен бірге жүретін адамдарға билеттерге жеңілдіктер беру және тасымалдау қажеттілігі туралы алдын ала хабардар ету шартымен ұшақ бортында ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін арнайы орындарды алдын ала брондау сияқты мәселелер талқыланды.

Бүгінгі таңда әлемдегі қарттар мен мүгедектердің саны үнемі өсіп келеді (1,3 миллиард адам). Бұл үрдіс жалпы халықтың көбеюіне, медицинаның жетістіктеріне және халықтың қартаю процесіне байланысты. Осыған байланысты авиация, көліктің басқа түрлері сияқты, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескеретін әуе көлігі жүйесін құруға дайын болуы тиіс.

Кеңесте қызметкерлерді оқыту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері әуежай мен әуекомпаниялардың қызметкерлерін ғана емес, сонымен қатар жолаушылармен өзара іс-қимыл жасайтын барлық мемлекеттік  қызметкерлерін мүмкіндігі шектеулі адамдармен қарым-қатынас жасау және оларға қызмет көрсету дағдыларына үйретуді ұсынды. Оқыту жүйелі сипатта болуы және міндетті кәсіптік даярлық деңгейінде жүргізілуі тиіс екендігі атап өтілді.

Қоғамдық ұйымдар, әуежайлар мен әуекомпаниялар өкілдері арасындағы диалог кезінде барлық қатысушылар болашақта ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетумен байланысты ықтимал мәселелерді азайту үшін пікір білдіріп, тәжірибе алмасты. Әуекомпанияны қажетті қызметтердің толық спектрін ұсыну үшін жолаушының қажеттіліктері туралы алдын ала хабардар ету, ерекше қажеттіліктері бар жолаушылармен қарым-қатынас этикасы, аккумуляторлық арбаларды тасымалдау ережелері және авиабилеттерге жеңілдіктер беру мәселелері талқыланды.

"ДОС" Тәуелсіз өмір" орталығы МҚБ өкілдері ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетуде әдеп мәселелері бойынша әуежайлар мен әуекомпаниялардың персоналын оқыту мүмкіндігі туралы ақпарат берді. Кеңес соңында "Dos Ortopedia" компаниясы ұтқырлығы шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету жағдайларын жақсарту мақсатында әуе кемелерінің ішінде пайдалануға арналған мүгедектер арбаларын Қазақстан әуежайларына өтеусіз негізде ұсыну ниетін білдірді.