Кіру

Басты бет >
Елорда әуежайында FlyArystan компаниясының өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы іске қосылды

01/11/2022

Отандық лоукостер Астана әуежайында iJan атты инновациялық толық қызмет ұсынатын терминалдарды іске қосты iJan терминалдары арқылы FlyArystan тұтынушылары жылдам әрі жайлы қызметтер түрін ала алады. Атап айтқанда, сервис рейске тіркеу, жүкті өткізу және өлшеу қызметтерін жүзеге асырады. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайында» 8 терминал орнатылды. Қазіргі кезеңде iJan терминалдары өз бетімен тіркеуді тек ішкі рейстерге ұсынады. Ал кейіннен халықаралық рейстер қосылмақ.

FlyArystan-ның басқарушы директоры Эдриан Хамильтон-Маннстың айтуынша, осы тақілеттес терминалдар Алматы әуежайында 21 қазаннан бастап іске қосылды. 10 күннің ішінде iJan сервисінің қызметін 2 жарым мыңнан астам адам пайдаланған. Сондай-ақ ол алдағы уақытта аталған терминалдар еліміздің барлық әуежайларында орнатылатынын жеткізді.

«Бүкіл әлемдегідей Қазақстанда әуе көлігі жолаушылар легінің қарқынды өсуі байқалады. Осыған орай әуежайдағы қызмет көрсету уақытылы және жылдам өтуі аса маңызды. Қазіргі уақытта FlyArystan әуекомпаниясы еліміздің 13 әуежайынан 26 ішкі әуе бағыты бойынша аптасына 207 рейс орындайды. Сондықтан лоукостер ішкі нарықтағы тасымалдау көлемі мен бағдарлар желісі бойынша көшбасшы болып саналады. Ал iJan терминалдарының іске қосылуы жолаушыларға кезексіз, өзіндік және тез тіркелуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Астана әуежайында терминалдарды іске қосу рәсімінде.

Аталған қызмет туралы толығырақ «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Хамзин айтты.

«iJan сервисінің көмегіне барлық жолаушылар жүгіне алады. Тіркеуден бөлек, мұнда жүкті өлшеу, арнайы таңбаланған қағаздар алу сияқты жұмыстар іске асырылады. Бұның барлығы кезексіз орындалады. Бұл жаңашылдық жолаушылардың әуежайға дер кезінде келуіне, тіркеуді өздігінен өтуіне мүмкіндік бермек. iJan – қазақстандық авиация саласын цифрландырудағы елеулі жаңалық деп айтуға толық негіз бар. Елорда әуежайында алғаш болып осындай инновациялық тәжірибенің енгізілгені біз үшін айтарлықтай оқиға», – деді Д. Хамзин.

Лоукостер өз жолаушыларына танысу мен бейімделуге уақыт керек екенін ескере отырып, оларға 2023 жылдың қаңтар айына дейін терминалды қолдануға ақысыз бонус кезеңін ұсынады. Ал одан кейін тіркеу әуежай мен iJan терминалы арқылы ақылы болады.

Осы орайда айта кетерлігі, жолаушылар FlyArystan мобилдік қосымшасында немесе flyarystan.com сайтында тіркеуді тегін алдын-ала өте алады.