26/02/2020
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген "БЕК ЭЙР" АҚ-ның ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Тексерумен ұшуды пайдалану, ұшуға жарамдылығын ұйымдастыру, мұздануға қарсы өңдеу процедуралары, ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесінің стандарттарына сәйкестігі, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік нормаларын сақтау мәселелері қамтылған.
2020 жылдың 20 қаңтарында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тексерудің аралық нәтижелері мен сол кезде анықталған бұзушылықтар туралы хабарлады. Авиациялық қозғалтқыштарды пайдалануда өрескел бұзушылықтар туралы хабарланған болатын. Олар қозғалтқыштың шығу тегін, онда орнатылған агрегаттардың жұмыс істеуін және ақаулар туралы жазбаларды анықтауға мүмкіндік бермейді. Фюзеляждың және әуе кемелерінің басқа да бөліктерінің зақымдануы болған, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу туралы жалған құжаттар жасалған.
Әуе компания инженерлік қызмет пен ұшу экипажының Фоккерді пайдалану нұсқаулығымен талап етілген мұздану фактісін анықтау үшін ұшар алдында ұшақ қанаттарын физикалық (тактильдік) тексерудің міндетті процедурасын сақтауын қамтамасыз етпеді.Жалпы сол кезде әуе компанияның ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі заңнама талаптарына сәйкес келмегені айқын болды.
Тексеру қорытындысы бойынша әуе компаниясының сертификаттарының қолданылуын тоқтата тұруға негіз болып табылатын басқа да көптеген елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Бұл авиациялық инцидентті жасыру, әуе кемесінің үлгісіне рұқсат алу үшін ұшқыштарды даярлау туралы жалған сертификаттарды пайдалану, ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді орындау туралы жалған құжаттар жасау және басқа да бұзушылықтары.
Әуе компания 2019 жылғы 25 желтоқсандағы Фоккер-100 UP-F1017 әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаның нақты себебін көрсетпеді.
Кеме командирі "Нұр-Сұлтан" халықаралық әуежайынан Шымкент қаласы бағытында ұшып шыққаннан кейін №1 гидрожүйенің істен шығуын анықтады, бұл гидравликалық сұйықтықтың толық ағып кетуіне байланысты болды, нәтижесінде шассидің алдыңғы тірегін басқару, жалғасқанатша, биіктік рульі, элерондар, реверстің және ұшу кезіндегі басқа жабдықтардың істен шығуына әкеледі.Күрделі жағдайға қарамастан, кеме командирі №2 авариялық гидрожүйені қолдана отырып ұшуды жалғастырды және Шымкент қаласының әуежайына қонғаннан кейін, әуе қозғалысын басқару диспетчеріне шассидің алдыңғы тірегін басқарудан бас тарту ретінде жалған ақпарат берген.
Әуе компания ұшқыштарға авиациялық қауіпсіздік және қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша қайта даярлау курсын аяқтағаны туралы ресми сертификаттар берген. Тексеру барысында сабақ уақытында және сынақтан өту кезінде олардың елдің басқа өңірлерінде ұшу тапсырмасында болғаны анықталды.
Әуе компаниясының екі ұшқышымен Фоккер 70/100 әуе кемесінің үлгісіне қайта даярлау сертификаттарын қолдан жасау фактілері анықталды. Латвияның оқу орталығында олар практикалық емтиханды тапсыра алмады, осыған байланысты оларға аталған кеме үлгісін басқаруға рұқсат алу құқығын бермейтін тек курстың тыңдалғандығы туралы анықтама берілді.Ұшқыш лицензиясында рұқсат беру туралы тиісті белгіні алу үшін олар уәкілетті органға курсты сәтті аяқтағаны туралы жалған сертификат берді. Оқу орталығы сертификаттарды бұрмалау фактісін растады. Қазіргі уақытта авиациялық персонал куәлігін қайтарып алу мәселесі шешілуде.
Бек Эйр" АҚ-ның Rolls Royce - авиациялық қозғалтқыштарды өндіруші зауытымен қолдау үшін қолданыстағы келісім-шарты жасалмаған.
Сонымен қатар, Инженерлік процедуралар нұсқаулығын бұза отырып, авиациялық қозғалтқыштардың пайдалану деректері өндіруші зауытқа оларды өңдеу үшін жіберілмеген, сондай-ақ оларды өздігінен "БЕК ЭЙР" АҚ-да өңдеу жүргізбеген.Осылайша әуе компания авиациялық қозғалтқыштардың жай-күйіне мониторинг жүргізбеген, сәйкесінше олардың сенімділігі мен ұшу кезінде бас тарту қаупі туралы ақпаратқа ие болмады.
Әуе компания уәкілетті органның бекітуінсіз инженерлерге рұқсат санатын дербес берді, сондай-ақ тиісті рұқсаты жоқ инженерлерге әуе кемелерінде техникалық және пайдалану жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.Әуе компанияның екі инженерімен Алматы әуежайында Фоккер-100 UP-F1014 ұшағына техникалық қызмет көрсету туралы құжатының жалған дайындалу фактісі анықталды. Осы жұмыстарды орындау күні борт Ауғанстан аумағында ұшуларды орындады.
"Бек Эйр" АҚ-ның қызметін жоспардан тыс тексеру нәтижелері әуе компанияға жіберілді.
Әуе компания 10 күн ішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне барлық бұзушылықтарды жою бойынша түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуы тиіс.
Егер бұзушылықтар 6 ай ішінде жойылмаса, пайдаланушы сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаттары кері қайтарылып алынады.