Кіру

Басты бет >
Қазақстанның әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидалары бекітілді

18/01/2021

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ-мен бірлесіп әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидаларын әзірледі.

Бұл қағидалар азаматтық және эксперименттік авиацияға, сондай-ақ Қазақстанның әуе кеңістігін пайдаланушыларға қолданылады және пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану тәртібін айқындайды.

Осы уақытқа дейін кез-келген ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшулары тек ірі авиацияға әсер ету тұрғысынан қарастырылып, аэродромдарға жақын әуе кеңістігін қорғауды қамтамасыз етті.

Осы қағидаларды әзірлеу кезінде азаматтық әуе кемелерінің ұшуларына әсер ету ғана емес, адамдар мен мүлікке төнетін қауіп-қатерлерге, сондай-ақ кез-келген жұмысты орындау үшін ұшудан ойын-сауық мақсатында ұшуды бөлу ескерілді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын ең жоғары ұшу массасы бойынша санаттау енгізілді, өйткені үлкен массасы бар пилотсыз ұшу аппараттары үшін авиациялық оқиғаның салдары ауыр болады.

Осы қағидаларды енгізе отырып, пилотсыз ұшу аппараттарының меншік иелері өз аппараттарын тіркеуден бөлек, қалалардың немесе елді мекендердің тығыз орналасқан аудандарының үстінен пилотсыз ұшу аппараттарының ұшуын жоспарлау кезінде, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану арқылы авиациялық жұмыстарды жоспарлау кезінде “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ-ның рұқсатын алуы қажет. Осы рұқсаттарды алу тәртібі мен қажетті құжаттар ережеде сипатталған.

Пилотсыз ұшу аппараттарының операцияларына қолданылатын қағидалар мен рәсімдер қолдану салаларына, операциялардың сипаттамаларына, ықтимал тәуекелдерге пропорционалды және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ПҰА операцияларының: “ашық” және “ерекше” санаттарын белгілеу арқылы тиісті ПҰА-ның пайдалану сипаттамаларын ескере отырып жасалған.

Бүгінгі күні ПҰА-ларын есепке алу тәртібі ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 409 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларымен айқындалады.

Алдағы уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі есепке қою, өзгерістер енгізу және есептен шығару неғұрлым жеңілдету мақсатында ПҰА-ларын есепке алу бөлігінде әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларына түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.

Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пилотсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың жаңа ережелерін түсіндіру үшін авиация саласының өкілдерімен  кездесу өткізеді. Толығырақ ақпарат жақын күндері пилотсыз ұшу аппараттарының қауымдастығына жарияланады. Осы кездесудің қорытындысы бойынша мүдделі тараптар үшін жаңа заңнаманы енгізуді талқылау бойынша онлайн-вебинарлар сериясын өткізу жоспарлануда.