Кіру

Басты бет >
Қазақстанның азаматтық авиациядағы негізгі көрсеткіштер динамикасы өсімді көрсетеді

07/10/2019

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Азаматтық авиация мәселелері бойынша өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мәлімдеді.
"Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қызмет көрсетілген жолаушылар саны 6,3%-ға өсті, 5,6 млн. жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 1,8%- ға артық.
Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар саны 45 есеге артты. Біз ағымдағы жылы аталған көрсеткішті 1 млн. транзиттік жолаушыға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті министр.


Бүгінгі күні ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 74% көрсеткішпен II-ші орынды иеленеді, әуежайлардың қауіпсіздік деңгейі 83%-ды құрайды.
Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктері 2019 жылдың 24 қыркүйегінде ИКАО Кеңесінің марапатымен атап өтілді.


Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап мемлекеттің 100% бақылауындағы «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамы жұмыс істей бастады.


«Осы ұйымның негізгі функциялары авиакомпаниялар мен әуе кемелерін техникалық бақылау және қадағалау, ИКАО стандарттарына сәйкес персоналды оқыту болып табылады. Компания басшысы ретінде азаматтық авиация саласындағы тәжірибелі шетелдік менеджер тартылды. Британдық азаматтық авиация агенттігімен (UKCAAi) келісімге қол қойылады. Енді Қазақстанға ұшу қауіпсіздігінің еуропалық стандарттарын енгізуге Британдық агенттіктің жетекші еуропалық сарапшылары техникалық қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.


Қазіргі уақытта елімізде 59 авиакомпания жұмыс істейді. 9 қазақстандық авиакомпанияның Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға рұқсаты бар. Ішкі нарықта 8 қазақстандық авиакомпания 54 маршрут бойынша ұшуды орындайды.
Әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде 893 әуе кемесі тіркелген.


Анықтама үшін:
Британдық азаматтық авиация агенттігі азаматтық авиация саласындағы тәуелсіз реттеуші болып табылады және Ұлыбританияның Көлік департаментіне (министрлігіне) есеп береді. ИКАО талаптарына сәйкестік деңгейі 93 % құрайды және әлемде 8 орынды иеленеді. Осындай тәсілді азаматтық авиацияда үлкен тәжірибесі бар әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдері (АҚШ, БАӘ, Австралия, Франция және т. б.) қолданады.